Сәкен Мамырбеков Түркістан халықаралық әуежайының директоры болып тағайындалды
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Сәкен Мамырбеков 2025 жылғы 5 маусымнан бері «Түркістан халықаралық әуежайы» АҚ директорының міндетін атқарып келген. 2026 жылғы 14 қыркүйектен бастап директор қызметіне кірісті.
Ол 1987 жылғы 4 шілдеде Түркістан облысы Кентау қаласында дүниеге келген.
2008 жылы Қазақ ұлттық аграрлық университетін инженер мамандығы бойынша бітірген. 2019 жылы «Азаматтық авиация академиясы» АҚ-ның түлегі атанды.
Еңбек жолын 2008 жылы «Шымкент әуежайы» АҚ-да құқықтық қамтамасыз ету және персоналмен жұмыс бөлімінің заңгері қызметінен бастаған. Кейін жылу-техникалық және санитарлық-техникалық қамтамасыз ету қызметінің инженері болып жұмыс істеді. 2010 жылдан аталған бөлімнің бастығы қызметін атқарды. 2016-2017 және 2024-2025 жылдары «Шымкент әуежайы» АҚ-ның корпоративтік хатшысы болды. 2019 жылдың маусымында АҚШ-та SABIT бағдарламасы аясында «Еуразия әуежайларын дамыту» тақырыбында тағылымдамадан өтті.
2016 жылғы желтоқсаннан 2025 жылғы маусымға дейін «Шымкент әуежайы» АҚ Басқарма төрағасының экономика және қаржы жөніндегі орынбасары қызметін атқарды.
«Құрметті авиатор» төсбелгісімен (2022) және «Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл» медалімен (2021) марапатталған. Азаматтық авиация саласындағы жалпы еңбек өтілі — 18 жыл.
Бұған дейін Медициналық бақылау комитетінің төрағасы тағайындалғанын жазған едік.