Сақман: елдегі мал төлдету науқанынан фоторепортаж
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Күн жылына қалада сенбіліктер ұйымдастырылып, көше жөндеу жұмыстары басталса, ауылды жерде мал төлдеп, шаруа мен шопандар үшін күйбең тіршілік өрбиді.
Қазақ халқы мал төлдейтін уақытты «сақман» деп атаған. Ол көбіне наурыз-сәуір айларымен тұспа-тұс келеді. Осы бір кезеңнің ерекшелігі мен сұлулығын көру үшін Kazinform тілшілері Алматы облысы Жамбыл ауданы Қарасу ауылдық округіне қарасты Қызылсоқы ауылына арнайы барып қайтты.
Мұнда 20 жыл бойы «Ерлан» шаруа қожалығы жұмыс істеп келе жатыр. Кейіпкеріміз Саят Медеуов әкесі бастаған кәсіпті жалғастырып, қой қоздатып, жылдар бойы нәпақасын тауып жүр. Кейінгі 5 жылда ол шаруашылық тізгінін түбегейлі өз қолына алған. Қазір 300-ге жуық мал басы бар, дені — қой.
Оның айтуынша, шаруашылық тиімді жұмыс істеуі үшін төрт түліктің бір түрін өсіріп, соған көңіл бөлген жөн.
— Бала кезден ұсақ малмен айналысып келеміз. Бірақ жоғары білімім де бар. Тынышпаев атындағы көлік және коммуникация академиясын тәмамдадым, шекара қызметінде жұмыс істедім. Дегенмен, кейін атакәсіпке оралуды жөн көрдім, — деді Саят Медеуов.
Қошқар қосу мен сақман уақыты
Кейіпкеріміздің айтуынша, сақман уақытына дайындық күзде басталады. Жеке бапталып, семірген қошқар қазан айының ортасында қойдың отарына қосылады. «Ол кезде қой да күйлі болады» дейді Саят. Қыстан аман шыққан соң наурыз айында мал төлдейтін уақыт басталады.
— Бұл уақытта түгел отбасымызбен келіп, саулықтардың төлдеуіне көмектесеміз. Күні-түні осында боламыз. Жалпы сақман қалай өтеді десеңіз, малдың бәрі бірге жылы қорада тұрады. Оның бірнешеуі қатар босанып қалады. Біз оларды бөлектеп, әрқайсысын жеке қоршауға кіргізіп жібереміз. Егер қозы енесін алып тұрса, оларды үлкен отарға қоспай, қозықораға қамаймыз. Екі-үш күнде өсіп, көгеннен босаған соң отармен бірге жайлауға жібере бастаймыз, — дейді шаруашылық қожайыны.
Сонымен қатар ол жаңа туған малға күтім жасап, екпе салудың маңызын еске салды. Айтуынша, қозының кіндігіне алдымен йод жағылады. Ол жерден сыз өтпеуі үшін керек. Одан кейін мал әлденуі үшін оған виматин егіледі. Ал қандай да бір себеппен қозыға екпе салынбай қалса, оның ауырып, өліп қалу қаупі жоғары болады.
Шаруашылықтың құпия әдістері
Кейіпкеріміз сақман кезіндегі тағы бір қызық деректі бөлісті. Оның сөзінше, қойдың кейбіреуі өз баласын танымай қалады. Қозыны қабылдамай, мүлдем емізбей қоятындар болады. Саят Медеуов олардың көбі — алғаш рет төлдеген саулық қойлар екенін атап өтті. Мұндай жағдайда шопандардың өзіндік айла-тәсілі болады екен. Оның бірі — қозы мен енесін оңаша қоршауға қамайды. Екеуі бірге тұрғаннан кейін қой баласын танып, қабылдауы мүмкін. Ал 1-2 күнде бауырына баспаса, онда кендір жіппен малды асып қояды. Сонда ол әрі-бері жылжып, қаша алмайды. Ал қозы емін-еркін еміп, өсе береді. Осылай біраз уақыт тұрған соң енесі баласын қабылдайды. Екінші тәсіл де осыған ұқсас — тек бұл жағдайда қойдың аузын керіп, қоршауға байлайды.
— Осылай байланғаннан кейін қой шөп шайнап, басқа жаққа елеңдей алмайды. Ал қозы келіп өзі еме береді. Сыздап тұрған желіні босаңсығанын байқап мал баласын алып кетеді, яғни қабылдайды, — деді ол.
Төрт түлік төлдейтін уақытта тек малшы мен бақташылардың ғана емес, аудан мен ауылдардағы ветеринарлық қызмет мамандарының да жұмысы қыза түседі. Шаруа қожалығына барғанымызда осы саладағы қызметкерлердің жұмысына куә болдық. Қарасу ауыл округі бойынша ветеринария қызметінің меңгерушісі Еділ Болатқұлов кейіпкеріміздің шаруашылығындағы қозыларға сырға мен вакцина салу үшін арнайы келген.
— Біздің басты мақсатымыз — мал арасындағы аурудың алдын алу. Көктемнен бастап әр шаруашылыққа өзіміз келіп, жаңа туған төлге сырға саламыз және вакцинация жүргізіп отырамыз. Көктемде ұсақ малға көбіне топалаңға қарсы екпе салынады. Осы округте төрт түліктен ірі қара, ұсақ мүйізді мал, жылқы, аздап түйе бар. Бәріне күтім жасаймыз — деді маман.
Сондай-ақ ол сырға салынған мал АШЖБ (Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру) жүйесіне енгізіліп, санақ жүргізіліп отыратынын атап өтті. Айтуынша, осы жүйедегі мал саны бойынша шаруа қожалығына вакцина бөлінеді. Бірақ электронды паспорт ірі қара малда секілді қой мен ешкіге жеке берілмейді. Тек бір отарға ортақ құжат әзірленеді.
«Малды ұялған ұл бағады»
Қой бағуды кәсіпке айналдырған Саят Медеуов бұл істі екінің бірі істей алмайтынын айтты. Оның пікірінше, мал асырап, оны өсіру үшін табандылық пен төзім керек.
— Қозы көп туса да, оның 30-40-ы әртүрлі себептермен өліп қалады не жоғалып кетеді. Жайылып жүріп суға түсіп кетуі мүмкін. Қасқыр мен түлкі, одан қалса ауру бар. Ұрлық-қарлық та жоқ емес. Биыл қой қырқатын уақытта 10 қозым жоғалып кетті. Оны іздегенмен пайда жоқ, табылмайды. Мал бағу үшін осындай қиындықтарға төзе білу керек. Әкем «малды ұялған ұл мен қорыққа құл» бағады деп айтатын, — деді ол.
Сондай-ақ кейіпкеріміз шаруашылық жұмысын өрбіту үшін қомақты қаржының қажет екенін де жасырмады. Айтуынша, өткен жыл өңірде қуаңшылық болғандықтан, Көкшетаудан жем-шөп алдыру қажет болған. Ол бұл жұмыстарға 5 миллиондай ақша жұмсағанын атап өтті.
— Екіншіден, бұл кәсіпте демалыс жоқ. Сенбі-жексенбі, «тойға баруым керек» деген болмайды. 24/7 жұмыс істейсің. Бірақ төгілген тер зая емес. Отбасымызда адал аспен асырап отырмыз, — деді ол.
Еске салайық, бұған дейін мал шаруашылығын 6% мөлшерлемемен жеңілдетілген несиелеу іске қосылғанын хабарлаған болатынбыз.