Сақтандыру нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасы қабылданады
АСТАНА. KAZINFORM — Алматыда Сақтандыру нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасының негізгі ережелері мен негізгі бағыттарын талқылауға арналған дөңгелек үстел өтті.
Құжатты Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық банк сақтандыру нарығына қатысушылармен бірлесіп әзірледі.
Жалпы алғанда, 5 жыл ішінде сақтандырушылардың активтері екі есе өсіп, 3,9 трлн теңге болды. Олардың ІЖӨ-ге қатынасы 2,58%-ды құрайды. Бұл нарықтың өсуі үшін айтарлықтай әлеуетті көрсетеді. Өсудің негізгі драйвері өмірді сақтандыру компаниялары болып табылады, олардың активтері шамамен үш есе ұлғайды. Жалпы сақтандыру саласында да орнықты өсу байқалады: сақтандырушылардың активтері 1,6 есе ұлғайды, ал активтердің орташа жылдық өсу қарқыны 21% болды.
— Мемлекет басшысы біздің алдымызға сақтандыру нарығының орнықты дамуы, халық пен бизнесті сақтандырумен қамтуды кеңейту, ұзақ мерзімді жинақтарды дамыту және ұлттық экономика тәуекелдерін басқару жүйесінде сақтандырудың рөлін арттыру үшін жағдайлар жасау туралы ауқымды әрі стратегиялық міндет қойды, — деп атап өтті Агенттік басшысы Мәдина Әбілқасымова құттықтау сөзінде.
Бағдарлама сақтандыру секторын дамытудың таяу жылдарға арналған негізгі бағдарларын айқындайды және оның экономикадағы рөлін арттыруға, сақтандыруды аясын кеңейтуге, жаңа өнімдер мен сату арналарын дамытуға, саланы цифрландыруға, сондай-ақ реттеу мен қадағалау жүйесін жетілдіруге бағытталатын болады.
— Соңғы жылдары сақтандыру нарығы сыйлықақылар көлемінде және сақтандырумен қамту деңгейінің орнықты өсуін көрсетіп отыр. 2021 — 2025 жылдар аралығындағы кезеңде сақтандыру сыйлықақыларының көлемі екі есе өсті, бұл ретте ең елеулі жедел өсу 2023 жылдан бастап байқалады. Сыйлықақылардың негізгі өсуі қазір өмірді сақтандыруды қамтамасыз етеді, — деп атап өтті
М. Әбілқасымова.
Бағдарлама 6 стратегиялық бағыт пен 18 бастаманы айқындайды.
Бірінші бағыт міндетті сақтандыру жүйесін жетілдіруге қатысты. Икемді реттеумен міндетті сақтандырудың бірыңғай моделіне (міндетті және жүктелген деп бөлмей) көшу ұсынылады. Заң сақтандырып қорғаудың негізгі қағидалары мен кепілдіктерін айқындайды, ал экономикалық жағдайлар мен тәуекелдердің өзгеруіне байланысты өлшемдер заңға тәуелді актілер мен шарттардың талаптары деңгейінде реттелетін болады. Тарифтік реттеу тәуекелдер мен нарықтық жағдайлардың өзгеруін шұғыл ескеруге мүмкіндік береді. Осы реформа шеңберінде ең жаппай және әлеуметтік сыныптар — міндетті автосақтандыру және қызметкерлерді жазатайым оқиғалардан сақтандыру бойынша сақтандыру талаптары жақсартылатын болады.
Сақтандырудың міндетті сыныптарының тізбесі тұрғын үйді жер сілкіністерінен, су тасқынынан (су басудан) және орман өрттерінен міндетті сақтандыруды енгізу есебінен кеңейтілетін болады.
Екінші бағыт — ерікті сақтандыруды дамыту. Азаматтар үшін зейнетақы шешімдерін таңдауды кеңейту үшін жинақтауды инвестициялау стратегиясын таңдау құқығымен өмір бойы кепілді төлемдерді есептейтін жаңа зейнетақы аннуитеттерін енгізу ұсынылады. Бұл азаматтарға инвестициялық кіріс есебінен болашақ төлемдерді ұлғайтуға мүмкіндік береді. ЕМС-ті дамытуды МӘМС-ке қосымша ая ретінде қарастыру ұсынылады, ол кепілдендірілген қамтуды қайталамайды, бірақ азаматтардың медициналық қызметтер алу мүмкіндіктерін кеңейтеді.
Үшінші бағыт — сату арналарын дамыту және тұтынушылардың құқықтарын қорғау. Сақтандыру агенттері мен брокерлердің функцияларын нақты ажырату ұсынылады. Агенттердің қызметі халықпен жұмыс істеуге, ал брокерлердің қызметі сақтандыру төлемдерін кәсіби реттеуге бағытталатын болады. Адам үшін бұл сақтандыруды таңдау мен ресімдеуден бастап төлемді алуға дейін неғұрлым түсінікті қолдау жүйесін білдіреді. Әр кезеңде клиенттің мүдделерін қорғауға көмектесетін кәсіби қатысушы болады.
Сақтандыру төлемдерін алу процесін жүйелі түрде ілеспелейтін делдалдардың қызметі реттелетін болады. Олар клиенттерге сақтандырушымен өзара әрекеттесу тәртібін және олардың комиссиялық сыйақысының мөлшерін ашуы керек.
Төртінші бағыт — инфрақұрылымды цифрландыру және дамыту. Нарықты дамытудың келесі кезеңі ерікті сақтандырудың цифрлық трансформациясы болады: электрондық шарт ерікті бұқаралық өнімдер үшін негізгі форматқа айналады. Әр түрлі сақтандырушылардың ұсыныстарын салыстыруды және электрондық форматта шарттар жасауды қамтамасыз ететін сақтандыру маркетплейстерінің мәртебесі заңнамалық түрде бекітілетін болады.
Бірыңғай сақтандыру дерекқоры сақтандыру ақпаратын қауіпсіз алмасу үшін нарықтың жалпы цифрлық инфрақұрылымы ретінде дамитын болады. Міндетті сақтандыру шарттарын бірегей сәйкестендіру нарықтың ашықтығын арттырады және клиенттерді жалған полистерді пайдаланудан қорғауға көмектеседі. Бұл ретте сақтандыру ақпаратымен алмасу қауіпсіз және клиенттің келісімімен жүргізілетін болады.
Актуарлық есеп айырысулардың сапасын арттыру үшін Орталық актуарий құру жоспарлануда. Ол тәуекелдер мен ұзақ мерзімді міндеттемелерді бағалаудың бірыңғай тәсілдерін қалыптастырады және сақтандырудың міндетті сыныптары бойынша тарифтерді есептеуге және қайта қарауға қатысады.
Бесінші бағыт — қаржылық орнықтылықты қамтамасыз ету. Бұл бағыт бойынша бәсекелестікті арттыру үшін шетелдік сақтандырушылар нарығына қолжетімділікті ырықтандыру ұсынылады. Ел ішінде нарық тиімді қабылдауға және ірі тәуекелдерді халықаралық нарыққа беруге қабілетті тәуекелдерді ұстап қалуға мүмкіндік беретін қайта сақтандырудың елдік саясаты әзірленетін болады.
Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры таратылатын сақтандырушылардың міндеттемелерін реттеуге қатысу үшін қосымша өкілеттіктерге ие болады. Пруденциялық қадағалау жүйесі ұлттық сақтандыру нарығының ерекшеліктеріне бейімделген Solvency II және 17 ХҚЕС қағидаттарын ескере отырып күшейтілетін болады.
Алтыншы бағыт — сақтандырудың жаңа бизнес-модельдерін дамыту. ШОБ субъектілері үшін арнайы сақтандыру өнімдерін құру және бұрыннан бар процестер — кредиттер алу, мемлекеттік сатып алуларға және кәсіпкерлікті қолдау бағдарламаларына қатысу кезінде сақтандыру саласын кеңейту көзделеді.
Исламдық сақтандыруды кезең-кезеңімен дамыту және қолданыстағы сақтандырушыларға жеке заңды тұлға құрмай исламдық өнімдерді ұсынуға мүмкіндік беретін «исламдық терезелер» тетігін енгізу ұсынылады.
— Бағдарламаның негізгі бастамалары» ағымдағы жылдың соңына дейін Қазақстан Республикасының құрылтайына енгізіледі деп жоспарланып отырған сақтандыру нарығы туралы жаңа Заң жобасында көрініс табады.
Бағдарламада көзделген бастамаларды іске асыру, ең алдымен, тұтынушылар байқайтын болады: сақтандыру өнімдерінің таңдауы кеңейеді, цифрлық сервистердің арқасында олардың қолжетімділігі артады және полисті рәсімдеу уақыты қысқарады. Сонымен қатар, сақтандырушыларға қойылатын талаптарды күшейту және қадағалауды жетілдіру сақтандыру ұйымдарының сенімділігін және клиенттердің құқықтарын қорғау деңгейін арттырады. Азаматтардың мүлкін, денсаулығын, кірістері мен жинақтарын қорғауға арналған жаңа өнімдерге ерекше назар аударылатын болады, — деп атап өтті М. Әбілқасымова.
Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша қатысушылар Қазақстанның сақтандыру нарығын одан әрі жетілдіруге және дамытуға бағытталған ұсыныстар мен практикалық ұсынымдарды әзірледі.