Сальвадорда «Ида» дауылы құрбандарының саны 152 адамға жетті
АСТАНА. Қарашаның 11-і. ҚазАқпарат - Сальвадорда «Ида» дауылының салдарынан болған су тасқыны мен лай көшкінінен ең кем дегенде 152 адам қаза тапты, тағы 60-тан астам адам із-түзсіз жоғалды.
Барлығы 13 мыңға жуық адам баспанасыз қалды, деп хабарлады сәрсенбі күні латынамерикандық бұқаралық ақпарат құралдары елдің құтқару қызметтеріне сілтеме жасап.
Бұған дейін 130 құрбан болғандар туралы хабарланған болатын. Оқиға орындарында іздеу-құтқару шаралары әлі жалғасуда, сондықтан да құтқарушылар қаза тапқандар санының әлі де көбеюі ықтимал екенін жоққа шығармайды.
Табиғаттың тосын мінезі 24 көпірді шайып кетті, оған қоса 2 мыңдай үйді жартылай немесе толық зақымдады. Сальвадор үкіметі бүкіл ел аумағында төтенше жағдай режимін енгізді және апат құрбандарын еске алу мақсатында үшкүндік аза тұту күнін жариялады.