Салаға шетел инвесторларын тарту жұмысын тездету қажет — Тоқаев
АСТАНА. KAZINFORM — Ауыл шаруашылығын жоғары технологияға негізделген озық сала ретінде дамыту — маңызды міндет. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің екінші форумында айтты. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
— Терең өңделген өнім шығаруға басымдық беру қажет. Еліміздегі агроөнеркәсіп кешені көбіне шикізат шығарумен шектеліп отыр. Мұны ашық айтқан жөн. Ауыл шаруашылығын жоғары технологияға негізделген озық сала ретінде дамыту — маңызды міндет. 2023 жылы агроөнеркәсіптегі өңделген өнімнің үлесі небәрі 35 пайыз еді. Ал биыл 50 пайыз болды. Келесі жылы 70 пайызға толық жетуі керек. Қазір бұл салаға шетел инвесторларын тарту жұмысын тездету қажет, — деді Президент.
Мемлекет басшысы тиісті жобалар аз емес екенін, олардың бірнешеуімен жиын алдында танысқанын, бірақ бір жерде тоқтап қалуға болмайтынын айтты.
— Агроөнеркәсіп кешенінің басты бағыттары бойынша инвестициялық жобаларды жүзеге асыру қажет. Аса маңызды міндеттің бірі — жеке инвестиция тарту жұмысы. Әсіресе, озық технологиясы бар шетел инвесторларын елге әкеліп, оларға қолайлы жағдай жасау қажет. Жолдауда «Инвестицияға тапсырыс» өндірістің сұранысына сай болуы керек деп айттым. Үкімет агроөнеркәсіп кешеніне қатысты 200-ден астам инвестициялық жобаның тізімін жасады. Жалпы құны шамамен 4 триллион теңге (үш жылда) болатын бұл жобалар 12 бағыт бойынша жасалған. Енді осы жобаларға барлық деңгейде қолдау көрсетілуі керек, яғни орталық та, аймақтар да осы жұмысқа белсенді түрде қатысуы керек. Жобалардың қашан және қалай жүзеге асырылатынын мұқият ойластырған жөн. Әкімдіктер және министрліктер жедел әрі үйлесімді жұмыс істеуі қажет, — деді Президент.
Айта кетейік, Президент ауыл шаруашылығына арналған жеңілдетілген несие алғаш рет 1 триллион теңгеден асқанын айтты.