«Саламатты Қазақстан» пойызы дәрігерлері 8 мыңға жуық ота жасады

АСТАНА. KAZINFORM – «Саламатты Қазақстан» пойызы дәрігерлері 8 мыңға жуық ота жасады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте «Samruk-Kazyna trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының бас директоры Альфия Адиева айтты.

Саламатты Қазақстан/Көздің көруін тексеру
Фото: Kazinform

- Пойыз дәрігерлері 101 301 азаматқа медициналық көмек көрсетті. Олардың 54 334 - әйелдер, 23 685 - ерлер, 23 282 - балалар. Пойыз әр станцияға орташа алғанда 2 күн тоқтап, науқастарды тексерді. Толық жалпы және биохимиялық талдаулар, флюорография, ішкі органдар мен тамырларды ультрадыбыстық зерттеу, электрокардиограмма, гастрофиброскопия, диагностикалық зерттеулердің басқа да түрлері жүргізілді. Биыл медициналық пойызда эхоэнцефалография, маммография, рентген қондырғылары жаңарып, мамандар қатары травматолог, психолог, педиатр, мобильдік бригада өкілдерімен толықты. Жалпы медицина дәрігері мен терапевтке – 77 104, невропатологқа – 16 382, офтальмологқа 15 529 адам қаралды. 7 671 шағын ота жасалды, - деді Альфия Адиева.

Оның дерегінше, өңірлер бөлінісінде халық тығыздығына байланысты оңтүстік пен батыс облыстардағы тұрғындарға ең көп медициналық қызмет ұсынылды.

- Ұлттық комиссия бастамасымен екінші жыл қатарынан жобаға медиатор мен заңгер қатысып, халықтың, оның ішінде әйелдер қауымының өзекті мәселелерінің шешілуіне күш салынды. Пойызда тұрақты түрде 3 заңгер мен 3 медиатор жұмыс істеді. Нәтижесінде 2 949 азаматтың арызы қарастырылды. Оның 1 844-і медиаторға түскен өтініш болса, 1 105-ы заңгерге қатысты сұрақтар болды. 1 630 ер адам және 1298 әйел өз мәселелерімен жүгінді. Облыстар ішінде ең көп сұрақтар Маңғыстау, Абай, Шығыс Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстарының тұрғындарынан келіп түсті, - деді ол.

Осыған дейін «Саламатты Қазақстан» пойызы биыл 100 мыңнан астам адамға көмек көрсеткенін жаздық.

 

Соңғы жаңалықтар