«Саламатты Қазақстан» бағдарламасы Үкімет қолдауына ие болды» - республикалық басылымдарға шолу

***
«Саламатты Қазақстан» бағдарламасы Үкімет қолдауына ие болды». Осы тақырыппен «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі нөмірінде жарық көрген мақалаға Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысы арқау болған. Алқалы жиын барысында еліміздегі денсаулық сақтау ісін дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының жобасы қаралған еді. Осы мәселе жөнінде баяндама жасаған Денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиевтің айтуынша, сала бойынша осы уақытқа дейін жұмыс істеп келген 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама өзінің аяқталу сатысында тұр. Ол бойынша елімізде бірқатар жұмыстар жүзеге асты. Дәрі-дәрмектерді жеткізудің бірыңғай дистрибьютерлік жүйесі құрылды. Медициналық-санитарлық алғашқы көмекті беру ісі басымдықпен дамытылды. Елімізде 59 медициналық білім нысаны салынды. Енді қабылданып отырған жаңа бағдарламада денсаулық сақтау ісін тиімді ұйымдастыру мәселелеріне, соның ішінде аурулардың алдын алу мен саламатты өмір салтын қалыптастыру жөніндегі іс-шараларға айрықша назар аударылған. Бағдарлама алты бағытты қамтып отыр. Аталған бағыттар жайында кеңірек білгіңіз келсе, басылымның сейсенбілік нөмірін жіберіп алмаңыз.
Кеше Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен Үкіметте селекторлық кеңес болып өтті. Онда еліміздің өңірлерінде өртке қарсы күрес шаралары және биылғы кейбір өңірлердегі құрғақшылық жағдайына байланысты нан бағасын тұрақтандыру мәселелері қаралды. Осыған орай «Егемен Қазақстан» газетінің сейсенбілік санында «Орманды қасақана өртеушілер бар» деген тақырыппен мақала жарық көрді. Аталған жарияланымда басылым «Ауыл шаруашылығы министрлігінің жауапты хатшысы Евгений Аманның мәлімдеуінше, биылғы жылғы ауа райының жағдайына байланысты егіннің пісуі әдеттегіден 10-15 күн бұрын болды. Соған байланысты елімізде егін орағы ерте басталған. Қазіргі ахуал бойынша, еліміздің негізгі астықты аймақтарында қуаншылыққа қарамастан біршама тәуір астық жиналуда. Осыған байланысты еліміздің ішкі қажеттігін толық қамтамасыз етуге және экспорттық әлеуетін сақтауға жететін астық жиналады. Ендеше, барлық өңірлерде нан бағасының қымбаттауына ешбір негіз жоқ. Қазір мемлекеттік қорда 1 миллион тоннадан артық астық сақталған. Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы тағы да 2 миллион тонна астық сатып алу жөнінде шарт жасасты. Еліміздің ішкі қажетін өтеу үшін барлығы 3 миллион 400 мың тонна астық қажет. Құрғақшылыққа ұшыраған батыс өңірлердің әкімдіктері астықты аймақтың өкілдерімен меморандум жасасып, өздеріне қажетті ұн қорын жасауға тиіс», деп жазады.
***
«Алматыда ақ қан ауруына шалдыққан балалардың жаппай С гепатитін жұқтыруының айқын себептері табылмады. Ал кеше ғана тексеру қорытындысын алған облыстық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің мамандары Атырау ауруханасынан ем алушылардың гепатит жұқтыру мүмкіндігінің жоғары екенін айтып отыр», деп жазады «Айқын» газеті «Атыраулық дәрігерлер гепатиттің «құрбаны» болып жатыр» деген тақырыппен жарық көрген мақаласында. Басылымның облыстық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаменті дизинфекция және аурухана ішілік жұқпалыларды қадағалау бөлімінің бастығы Жанар Досымбаеваның сөзіне сілтеме жасап хабарлауынша, облыс бойынша мың жарымнан аса медицина қызметкері тексеріліп, «ИФА»-(иммунды ферменттік сараптама) 35 дәрігер маманның ішінен 17-cінің «В» және «С» вирусты гепатитін тасымалдаушы екені анықталған. Бұл еш күмәнсіз нақты дерек.
Осы басылымның дәстүрлі «Ақ сөйле!» айдарының бүгінгі қонағы - Оңтүстік Қазақстан обылсының әкімі Асқар Мырзахметов. Басылым тілшісінің барлық сауалдарына тұщымды жауап берген әкім сұхбаты «Оңтүстік Қазақстанда өндірілетін барлық шикізаттың 70 пайызға жуығын өзімізде өңдейтін боламыз» деген тақырыппен берілген. Екеуара әңгіме барысында ол «Жұмысы бүгінгі күннің талап деңгейінен төмен болып шыққан әкімдерді ауыстырып жатырмыз. Уақыт қымбат. Әкімдер институты балабақша емес. Оларға қалай жұмыс істеу керектігін үйретуге уақыт жоғалта алмаймыз. Президентіміз, ұлт көшбасшысы алға қойған міндеттерді орындауды кешеуілдетуге болмайды», депті.
***
«Айналасы бес-алты жылдың ішінде екі рет саяси дағдарысқа ұшырап, экономикасы тоқыраған қырғыз елі қазақ халқының көмегіне зәру. Қырғызстанның қаржы министрі Чоробек Имашев бауырлас қазақ мемлекеттінен көмек сұрап отыр. Осыған байланысты кеше Үкімет үйінде қырғыз Үкіметі өкілдерінің қатысуымен көршіге көмек беру жөнінде арнайы кеңес өтті», деп жазады «Алаш айнасы» газеті. Отырыста ҚР Премьер-Министрі К.Мәсімов Қырғызстанның дағдарыстан шығуға арналған жоспарымен танысып шығып, соған сәйкес, Үкімет көрші елге 21 миллион доллар шамасында көмек қолын созуға ниет білдірген. Оның жартысы гуманитарлық көмек ретінде беріліп те жатыр. Мәселен, қазіргі уақытта Қырғызстанға 184 тонна металл шатыр, 128 тонна қарақұмық жармасы, 1 мың 800 тонна күріш жөнелтілген. Қираған үйлерді қайта қалпына келтіру үшін ондағы құрылысқа 900 тонна арматура жөнелтуге әзір отырған қазақ Үкіметі күзгі астықты жинауға қосымша жанармай, қысқы отын ретінде көмір жіберуге де уәде берді.
Алматы телеарнасы биылғы наурыз айынан бері қазақ көрермені үшін өте игі шараны қолға алып, «Қазақфильмнің» өзі өз болғалы түсірген бүкіл көркем фильмдерін, деректі туындылары мен мультфильмдерін рет-ретімен, арна эфирінен күн сайын тұрақты түрде бере бастады. Осыған орай «Алаш айнасы» газетінің тілшісі аталған арнаның бас директорының орынбасары Серік Әбікенұлымен сұхбаттасып, барлық сауалдарына егжей-тегжейлі жауап алған. Сұхбат барысында С.Әбікенұлы «Қазақфильм» қымбат сұрайды, фильмдерін алу қиын» деген әңгімелердің барлығын өз басым: «Қазақша киноны көрсетпейік» деген ниеттен туған әрекет деп есептеймін. Әйтпесе, мысалы, ресейлік сериалдардың бір сериясы - 270-300 доллар да, ал «Қазақфильмнің» бір мультфильмі 7 мың теңгеден бастап, 100 долларға дейін ғана тұрады. Алайда сериалдың бір сериясына бола соншама ақша аямай шашқандар, ұлттық өнімдерімізге келгенде жоқ жерден тарыла қалады. Сондықтан да «Қазақфильмнің» қорында көрсететін кино жоқ, қымбат сұрайды» дегендердікі жәй сылтау деп білемін», депті.
***
«Казахстанская права» газетінің ҚР Президентінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлауынша, кеше Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астанада ЕҚЫҰ Саммитін өткізуге дайындық мәселелері жөнінде жұмыс кеңесін өткізді. «Биылғы жылғы тамыздың 3-інде ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлері кеңесі Астанада 2010 жылғы желтоқсанның 1-2-сі күндері осы ірі халықаралық ұйымның Саммитін өткізу туралы нақты шешім қабылдады. Бұл бүкіл посткеңестік кеңістік деңгейінде алғашқы ірі ауқымды шара болып табылады. Елімізге 55 мемлекеттің басшылары, 65 халықаралық ұйымның делегациялары, баспасөз өкілдері - барлығы бірнеше мың қонақ келеді», деп жазады басылым. Кеңес барысында Президент осы тарихи кездесуді мазмұнды әрі жоғары деңгейде ұйымдастыру және өткізу үшін үлкен жұмыстар күтіп тұрғанына тоқталып өтті. «Жоғары деңгейде Саммитті өткізу, елімізді көрсету және жас астанада осындай форумды өткізу мүмкіндігі - біз үшін үлкен құрмет және зор жауапкершілік», деді Н.Назарбаев.