Салық органдары заңсыз ҚҚС схемаларына қарсы бақылауды күшейтті
АСТАНА. KAZINFORM - Мемлекеттік кірістер органдары салық төлеуден жалтару схемаларын анықтау және олардың жолын кесу бойынша тұрақты негізде жұмыс жүргізіп жатыр. Осындай схемалардың бірі – негізсіз салықтық артықшылық алу мақсатында кәсіпорындарды қайта ұйымдастыру рәсімін пайдалану.
ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті баспасөз қызметінің хабарлауынша, әдеттегі тәжірибеде бизнесті қайта ұйымдастыру қызметті кеңейту, бизнес-процестерді оңтайландыру, мекемелердің бірігуі немесе қосылуы мақсатында жүзеге асырылады. Сонымен қатар, соңғы жылдары бұл рәсімді салық міндеттемелерін орындаудан жалтару, оның ішінде қосылған құн салығы (ҚҚС) бойынша жалтару мақсатында пайдалану жағдайлары жиілеп отыр.
Жалпы, мемлекеттік кірістер органдары 2021-2024 жылдар аралығында жалпы сомасы 31,7 млрд теңгені құрайтын ҚҚС асып кету сомасын қайта ұйымдастыру кезінде пайдаланған 263 заңды тұлғаны анықтады. Салық кодексінің нормаларына сәйкес аталған сомалар есептен шығарылды, нәтижесінде бюджетке 3 млрд теңге түсті, сондай-ақ ҚҚС асып кету сомасы 20 млрд теңгеге азайтылды.
Мемлекеттік кірістер органдарының әрекеттерінің заңдылығы сот тәжірибесімен расталды. Бүгінгі күні кассациялық соттарда 10-нан астам іс қаралып, барлық шешімдер мемлекеттік кірістер органдарының пайдасына шығарылды.
Осындай схемалардың жолын кесу мақсатында Салық кодексіне өзгерістер енгізілді. 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қайта ұйымдастыру рәсімі келесілерді көздейтін салықтық әкімшілендіру жүргізілгеннен кейін ғана жүзеге асырылады:
- салық міндеттемесін орындаудың оңайлатылған тәртібін қолдану кезінде камералдық бақылау жүргізу;
- қалған жағдайларда салықтық тексеру жүргізу.
Камералдық бақылау жүргізіле отырып, оңайлатылған тәртіпті қолдануға бірқатар шарттар сақталған кезде жол беріледі, оның ішінде талап қою мерзімі ішінде ҚҚС төлеуші ретінде тіркелмеуі, айналым көлемінің аз болуы, салық берешегінің және өзге де тәуекел факторларының болмауы.
Аталған нормалар 2025 жылғы 31 қазандағы № 654 «Салық төлеушілердің қызметін тарату, қайта ұйымдастыру және тоқтату кезінде салықтық міндеттемені орындаудың кейбір мәселелері туралы» бұйрығымен бекітілген қайта ұйымдастыру кезінде салық міндеттемесін орындау қағидаларында көзделген.
Сонымен қатар, 300 айлық есептік көрсеткіштен асатын ҚҚС асып кету сомасы кешенді салықтық тексеру нәтижелері бойынша мұндай сомалардың дұрыстығы расталған жағдайда ғана құқық мирасқорына берілуі мүмкін.
Мемлекеттік кірістер комитеті салық төлеушілерді адал салық салу қағидаттарын сақтауға шақырады және салық заңнамасының талаптарын бұзғаны үшін жауапкершілік бар екенін еске салады.
Бұдан бұрын Мемлекеттік кірістер комитетінің өзін-өзі жұмыспен қамтыған 500 мың адамды «көлеңкеден» шығаратыны туралы жаздық.