Сальвадор президентіне шексіз қайта сайлану құқығы берілді
АСТАНА. KAZINFORM — Сальвадор президенті Наиб Букеленің билеуші партиясы ел конституциясына өзгертулер енгізуді ұсынды, ол Букелеге шексіз қайта сайлануға және оның президенттік мерзімін алты жылға дейін ұзартуға мүмкіндік берді, деп хабарлайды CNN.

Бұл конституциялық түзетулерді 31 шілдеде Заң шығару палатасы қабылдағаны хабарланып, «Жаңа идеялар» партиясының депутаты Ана Фигероа конституцияның 5-бабына түзетулер енгізуді ұсынды. Оның ішінде сайлаудың екінші кезеңін жою — яғни көп дауыс жинаған екі кандидат арасындағы екінші кезеңді алып тастау. Көпшілік дауысты иеленген Букеле партиясы өзгерістерді тез мақұлдады — 57 депутат қолдап, 3 депутат қарсы болды.
2021 жылы Букеленің партиясы тағайындаған Жоғарғы Сот судьялары конституциялық тыйымға қарамастан оның екінші мерзімге қайта сайлануын заңды деп шешті. Ол 2024 жылы өте көп дауыспен қайта сайланды. Енді бұл өзгерістер Букеленің шексіз мерзімге президент болып қайта сайлануына жол ашады.
Оппозициялық депутат Марсела Виллаторо бұл шешімді сынап, Сальвадорда «демократия өлді» деп мәлімдеді. Ол сондай-ақ шектеусіз президенттік сайлау билікті теріс пайдалануға, сыбайлас жемқорлыққа және саяси қатысудың төмендеуіне әкелетінін айтты.
Президент сайлаушыларға өзін «әлемдегі ең заманауи диктатор» деп атап, қылмысқа қарсы қатаң саясат жүргізуге уәде беріп отыр. Ол бұрынғы жетекшілер сияқты қылмыстық топтармен ауызбіршілік жасады деген күдікке ілінгенімен, елдегі оң өзгерістерге байланысты бұған көп азаматтар көз жұмып отыр.
Еске сала кетейік, Сальвадор президенті Венесуэлаға тұтқындар алмасуды ұсынғаны жайлы жазған едік.