Салық комитеті мұнай және газ секторындағы жобалар бойынша Өнімдерді бөлісу туралы келісімдерді тексеруді аяқтады

АСТАНА. Мамырдың 18-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - ҚР Қаржы министрлігінің Салық комитеті мұнай және газ секторындағы жобалар бойынша өнімдерді бөлісу туралы келісімдерді тексеруді аяқтады. Барлық материалдар Мұнай және газ министрлігіне берілді.

Салық комитеті мұнай және газ секторындағы жобалар бойынша Өнімдерді бөлісу туралы келісімдерді тексеруді  аяқтады

Бұл туралы бүгін Астанадағы онлайн конференцияның барысында журналистерге Салық комитетінің төрағасы Дәулет Ерғожин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Айта кетейік, ағымдағы жылғы қаңтардың 22-де Ақордада Үкіметтің экономикалық блогымен өткізген кеңесте Елбасы Н. Назарбаев Қазақстанда жұмыс істеп жатқан жер қойнауын пайдаланушы шетелдік компаниялар салықты қолданыстағы салық заңнамасына сәйкес төлеуі тиістігін айтып, Үкіметке өндіруші компанияларға қолданыстағы салық заңнамасы бойынша салық салу мәселесін пысықтауды тапсырған болатын.

Ал, ағымдағы жылғы ақпанның 12-де Д. Ерғожин сәуірдің 1-не дейін Өнімді бөлісу туралы бұрындары жасалған келісімшарттарды қазіргі салық режіміне көшіру туралы ұсыныс дайындалатынын айтқан болатын.

Оның сөзіне қарағанда, сол кезде бұрындары жасалған Өнімді бөлісу туралы келісімшарттарға сараптама жүргізілген. «Келісімшарттардың рәсімделуіне және бекітілген жекелеген келісімшарттардың заңдылығына қатысты белгілі бір мәселелер бар. Салық комитеті қазір бұлар бойынша жұмыс жасап жатыр. Қазақстанда келісімшарттарды бұзуға заңнамалық негіз бар», деді Д. Ерғожин.

Оның айтуынша, алайда бұдан Қазақстан тарапы келісімшарттарды бірден бұзады деген ой тумауы тиіс. Нақты шешімдерді дайындау үшін түрлі тетіктер мен тәсілдер бар. Келісімшарттарды бұзу шешім қабылдаудағы соңғы сатылардың бірі болып табылады.

«Егер математикалық тұрғыдан есептейтін болса, Өнімді бөлісу туралы келісімдер аясында жұмыс істеп жатқан жер қойнауын пайдалану жөніндегі жекелеген келісімшарттарға ағымдағы салық режімінде жұмыс істеген пайдалы», деді ол.