Салық комитеті пәтерді жалға беретін, алайда одан түсетін табыс үшін салық төлемейтіндерді анықтап жатыр

АСТАНА. Мамырдың 18-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Салық комитеті пәтерді жалға беретін, алайда одан түсетін табыс үшін салық төлемейтін тұлғаларды анықтау шараларын жүргізіп жатыр.

Салық комитеті пәтерді жалға беретін, алайда одан түсетін табыс үшін салық төлемейтіндерді анықтап жатыр

Бұл туралы бүгін Астанада он-лайн конференцияның барысында Қаржы министрлігі Салық комитетінің төрағасы Дәулет Ерғожин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Салық комитеті бұл мәселемен шұғылдануда. Пәтердің жалға берілгені туралы әдетте көршілері, пәтер иелері кооперативі немесе учаскелік инспектор біледі. Біз қазіргі таңда пәтер иелерінің кооперативімен тығыз жұмыс істеудеміз», деді Д. Ерғожин.

Осы орайда ол Салық комитеті қазіргі таңда мұндай бизнесті табыс көзіне айналдырған көптеген адамдарға салық органына келіп есепке тұрып, салықтық декларация өткізу жөнінде хабарлама жібергенін атап өтті. Оның айтуынша, егер пәтерді жалға беретін адам жеке кәсіпкерлер болса, онда ол осы бизнестен түсетін табыстың 3 пайызын салық ретінде төлеуі тиіс. «Пәтерді жалға беретін адам үшін жеке кәсіпкер ретінде есепке тұрғанынан көп пайда бар. Ол заңды тұлғалармен де жұмыс істеп, олармен ресми келісімшарттар жасай алады», деді Д. Ерғожин.