Салық комитетінің басқарма бастығы қамауға алынды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қаржы полициясы ұйымдасқан қылмыстық топқа көмек көрсетіп келген республика аймақтарындағы салық органдарының 18 қызметкерін анықтады, деп хабарлады ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің баспасөз қызметінен.
None
None

Естеріңізге сала кетейік, бұрын хабарлағандай, өткен жылдың қыркүйегінде Қаржы полициясы агенттігінің қызметкерлері Артур Ким мен Қалиев Фархадты қамауға алған болатын. Олар 2009-2011 жылдары республика аумағында жалған кәсіпорындар арқылы басқа коммерциялық ұйымдарға салық төлеуден жалтару бойынша қызмет көрсетіп келген ұйымдасқан қылмыстық топты құрып, оның қызметіне қатысқан деп айыпталуда. Олардың әрекетінен мемлекетке 2,3 млрд. теңгеден астам залал келтірілген.

«Аталған қылмыстық істі тергеу барысында ҚР Қаржы министрлігі Салық комитетінің белсенді көмегімен қаржы полициясы ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелеріне көмек жасап келген әртүрлі аймақтардағы салық органдарының 18 қызметкерін анықтады», - делінген хабарламада.

Мәселен, 18 ақпанда ҚР Қаржы министрлігінің Салық комитеті Тауарларды импорттау кезіндегі қосымша құн салығын әкімшілдендіру басқармасының бастығы М.Бұлғынов ұсталды. 20 ақпанда ол сот санкциясымен қамауға алынды. Оған 2009-2010 жылдары Қостанай облысы бойынша Салық департаментінің бастығы бола тұра, қызмет бабын теріс пайдаланып, ұйымдасқан қылмыстық топтың жалған кәсіпорындарында кешендік жалған тексерістер өткізуге көмектескен деген айып тағылуда. Нәтижесінде аталған жалған фирмалардың есепшоттарында заңсыз түрде артық төленген қосымша құн салығы пайда болған.

15 ақпанда сот санкциясымен Ж.Нүсіпов қамауға алынды. Ол 2010-2012 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша Салық департаментінің бастығы бола тұра, қызмет бабын теріс пайдаланып, ұйымдасқан қылмыстық топтың жалған кәсіпорындарында кешендік жалған тексерістер өткізуге көмектескен деп айыпталып отыр.

Оған қоса, қылмыстық іс бойынша күдікті ретінде Ақмола, Жамбыл, Қостанай және Оңтүстік Қазақстан облыстары салық органдарының 16 қызметкері тартылуда.

Соңғы жаңалықтар