«Салық салмағы кімдерге түседі?» - БАҚ-қа шолу

***
Кеше Парламент Мәжілісінде палата Спикері - «Нұр Отан» партиясы фракциясының жетекшісі Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен фракция жиыны болды. Онда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына фракция депутаттарының әзірлеген түзетулер топтамасы қаралды. Осы жайт арқау болған мақала «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі нөмірінде «Салық салмағы кімдерге түседі?» деген тақырыппен берілген. Басылымның жазуынша, фракция отырысында аталған мәселе бойынша баяндама жасаған Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев депутаттар тарапынан салықтық мөлшерлемелерге қатысты ұсыныстар түскендігін қуаттады. Қазақстанда 3,1 миллион автокөлік (жалпы көлемнің 88 пайызы) қозғалтқыш көлемі бойынша 3 литрге дейін болса, олардың салықтық мөлшерлемелері өзгеріссіз қалатынын министр ерекше атады. Ал қозғалтқыштары 3 мың мен 4 мың текше сантиметр болатын автокөліктер еліміздегі көліктердің жалпы көлемінің 3 пайызын ғана құрайды екен. Осы ретте министр қозғалтқыштары 4 мың текше сантиметр автокөліктері қымбат мүлікке жатқызылатынын тілге тиек ете кетті. Жылжымайтын мүлікке қатысты салықтық мөлшерлемелер негізінен Астана, Алматы және облыс орталықтарында өзгертілетіні белгілі болды. Сонымен қатар, салықтық мөлшерлемелер алкогольдік және темекі өнімдеріне артады деп күтілуде. Мәселен, 2016 жылы темекі акцизіне мөлшерлеме 3,3 есе өседі деп күтілуде. Осы уақыт аралығында 1 литр спирттік ішімдікке мөлшерлеме қазіргі 500 теңгеден 1600 теңгеге дейін өсетіндігі белгілі болып отыр.
«Кеше Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға ресми сапармен келген Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенкомен кездесіп, келіссөз жүргізді», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті «Ежелгі дос айырылмас» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның жазуынша, ресми қарсы алу рәсімі аяқталған соң, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенконың кездесуі алдымен шағын құрамда жүргізілген келіссөздерден басталды. Онда Мемлекет басшылары Кеден одағы мен Біртұтас экономикалық кеңістік аясындағы интеграциялық үдерістерді дамыту барысын талқылады. Сонымен қатар, сауда-экономикалық және индустриялық-инновациялық салалардағы екіжақты ынтымақтастықты тереңдету барысындағы нақты мәселелерді қарастырды. Соның ішінде агроөнеркәсіп кешені бойынша кооперацияны күшейту мүмкіндіктері сөз болды. ағын құрамдағы кездесу аяқталған соң келіссөз кеңейтілген құрамда жалғасты. Келіссөздер аяқталған соң бірнеше екіжақты құжаттарға қол қойылып Н.Назарбаев пен А.Лукашенко бірлескен мәлімдеме жасады.
***
Ауыл десе, барлығымыздың көз алдымызға шаңдатқан жол мен бұралаңы көп көшенің елестейтіні бар. Енді Павлодар облысының әкімі Ерлан Арын елдің есіндегі осы көріністі өзгертуге күш салуға кірісіпті», - деп жазады «Айқын» газеті сенбілік санындағы «Арын ауылды өзгертпек» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның жазуынша, өзі тың бастама ретінде көтерген «25 ауыл» деп аталатын бағдарламаға сәйкес, арнайы таңдалып алынған 25 елді-мекеннің көшелеріне асфальт төселіп, жол жиектеріне бағаналы шамдар орнатылады. Сондай-ақ, түрлі шаралар өткізуге арналған ауылдың өз орталық алаңын да салмақшы. Егер жақсы іс жалғасын тапса, өңірдегі 400 елді-мекенді жекелеп дамыту жобасы да жасалады. Сонымен қатар басылымның жазуынша, өңірде «Ақ бұлақ» бағдарламасы бойынша ағымдағы жылы үш жобаны іске асыруға 871,6 млн теңге бөлінген. «Оған Ертіс ауданының Ертіс ауылында су құбырын қайта жаңарту, Шарбақты ауданының Галкин ауылында су құбырын салу, Ақсу қаласы Қалқаман ауылында су құбырын жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Тағы бір атап айтарлық ерекшелік, павлодарлық тұрғындардың коммуналдық төлемдер үшін мемлекеттік мекемелердің алдында ешбір қарызы жоқ», - деп жазады басылым.
Осы басылымның жазуынша, "Самұрық-Қазынаның" еншілес компаниялар қатарында биыл 2356 қызметкер қысқартуға ұшырайды. Бұл туралы қызметкерлер санын оңтайландыру тақырыбында өткен бас қосуда мәлім болды. Президент ұлттық компаниялардың жайлы кеңселерінде қомақты жалақы алып, текке отырған "ақсаусақтардың" көбейіп кеткенін сан мәрте ескерткен. Салдарынан өткен жылы 2210 жұмыс орыны қысқартылып, 7 миллиард теңге үнемделген еді. Қысқарту кезінде тіпті тұтас бөлімдер жабылып қалған. Ысырапты тыю мақсатында қордағы компаниялар тобы арасында сатып алу қызметі де реттеледі.Мәселен, "КЕГОК" мұнай өнімдерін "Қазмұнайгаздан" тікелей сатып алатын болады. Бұған дейін арада алып-сатып үстеме пайда тауып келген делдал компаниялар қызметі тоқтатылмақ. Жарияланым тақырыбы - «Самұрық-Қазынада» қысқарту басталды».