17:18, 11 Ақпан 2009 | GMT +5
Салық саясатында ең алдымен кәсіпкерлердің сауатын көтеру маңызды болып тұр
АСТАНА. Ақпанның 11-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Соңғы уақытта әлемдегі жағдайға байланысты көптеген мемлекеттер өздерінің салық саясатын қайта қарауға мүдделі болып отыр. Өйткені кәсіп пен кәсіпкерлік үшін тиімді салық саясатын ұстану қағидаты шағын және орта бизнесті дамытудың алғышарты болып табылады.

Ал шағын бизнес өз кезегінде жұмыссыздық проблемасының алдын алуда көп септігін тигізеді.
Бұл бағыттағы жұмыс Қазақстанда былтырғы жылдың басында қолға алынған еді. Кәсіпкерлерді тексеруге өткен бір жыл бойына мораторий жарияланды. Жаңа салық саясатын қамтыған Салық кодексі дүниеге келді. Яғни, ұзақмерзімді стратегиялық жоспар нәтижесінде өңдеуші және экспортқа бағытталған сектор үшін салықты төмендету сияқты мәселе бойынша түбегейлі шешім қабылданды. Ал салық төлеушілер үшін ыңғайлы және әділ салық жүйесін жасау бизнестің көлеңкеден шығуын, шағын кәсіпкерлікті және экономиканың жаңа ғылыми ауқымды салаларының дамуын ынталандыратын болады, деп болжануда.
Дегенмен де, «салықтық жеңілдіктерді қазақстандық кәсіпкерлер қалай қабылдады, біржылдық мораторий бизнес қауымына қалай әсер етті және жаңа салық саясатын түсіну мен оны орындау құлқы қаншалықты?» деген сауалдар көкейге келеді. Өйткені бүгінгі күні бизнес қауымдастығы тарапынан мораторий мерзімін тағы да ұзарта түсу, қосымша жеңілдіктер қарастыру секілді ұсыныстар айтылып жатса, ендігі бір тарап қазақстандық қоғамның салыққа қатысты мәселедегі сауатының төмендігін, тіпті кәсіпкерлердің жеңілдіктерді орынды пайдаланбағаны туралы проблеманы алға тартады.
Әлемнің озық елдері негізінен салық саясатын қатаң қоғамдық бақылауда ұстап келеді. Салықтан жалтарушылармен күреске арнайы органдармен қоса, қоғам да өзі әлінше атсалысады. Мәселен, еуропа елдерінде әрбір салық төлеуші бюджет мәселесіне келгенде өз құқықтарын, қажеттіліктерін айтып ұрандаса, айтулы кәсіпкерлер мен саясаткерлер үшін «салықтан жалтарды» деген атақ «қара тізімге» енгізілгенмен бірдей. Бұған АҚШ-тың жаңа басшысы Б. Обаманың өз командасын жасақтау уақытында да куә болдық. АҚШ-тың жаңа президенті жоғары лауазымға ұсынған екі бірдей кандидат салығын дұрыс төлемеген деген себеппен сыннан өтпей қалды.
Ал Қазақстанда ше?
Ең алдымен өткен жылғы мораторий мәселесіне келейік. Өткен жылдың қорытындысы бойынша, салық органдары республика бойынша 73 мың 984 кешенді тексерулер жүргізді. Оның ішінде 21 мың 500 заңды тұлға және 52 мың 185 жеке кәсіпкер тексеруден өтті. Бұндай мораторий жағдайындағы тексерулер негізінен кәсіпорынның банкроттық жағдайында немесе құқық қорғау органдарының сұрау салуына сәйкес атқарылған. Тексерулер нәтижесінде жалпы сомасы 400 млрд. теңгені құрайтын қаражаттың бюджетке түспей қалғаны анықталған. Салық комитетінің мәліметтеріне сәйкес, қазіргі уақытта бұл қаражаттың тек 30 млрд. теңгесі ғана өндіріліп алынған. Қалған сома бойынша салық органдары тарапынан тиісті тәртіппен сотқа шағымдалуда. Сондықтан да, алдағы уақытта салық органдары сот тәртібімен қосымша 50-ден 100 млрд. теңгеге дейін өндіріп алуды жоспарланып отыр.
«Бүгінгі күні кейбір азаматтар қаржы дағдарысы жағдайында салықты тоқтата тұру, тексерулерге қатысты мораторийді ұзарту секілді мәселе көтеріп отыр. Менің айтарым, Қазақстанда салық жүйесін тоқтату деген мүмкін болмайтын мәселе. Екіншіден, бұл шараға ешқандай да экономикалық, математикалық, саяси және басқа да негіздемелер жоқ. Яғни, кез-келген адамға «сен салық төлемей-ақ қойсаң болады» деп айтуға ешқандай негіз жоқ. Жалпы, кез келген мемлекетте бұндай жағдай мүлдем болмаған және болмайды да. Бұл арзан бедел жинағысы келгендердің көтеріп жүрген мәселесі ғана», - деді осы мәселеге орай жолыққанымызда ҚР Қаржы министрлігі Салық комитетінің төрағасы Дәулет Ерғожин. Комитет төрағасының айтуынша, соңғы уақытта бизнес өкілдері өздеріне жүктелген салық ауыртпашылығына байланысты шағымданғанымен де, бұндай шағымданудың бекершілігі байқалған. Мәселен, статистикаға сүйенсек, тау-кен немесе мұнайгаз саласына қатысы жоқ барлық кәсіпорындардың салықтық ауыртпашылықтары 10 пайыздан да төмен екен. «Біз 25-30 пайыз ауыртпашылықпен салық төлеп жатырмыз, деп атойлаған кез-келген кәсіпорынды тексеріп, олардың бюджетке 1 пайыз да қаражат аудармай отырғанын дәлелдеп те бере аламыз. Бұндай фактілер жеткілікті», дейді Д. Ерғожин.
Қазақстанда мораторийді тек Үкімет қана бекітеді және ондай шара тікелей салыққа емес, тексерулерге ғана қатысты болады. Ал бірқатар деректер бойынша шағын және орта кәсіпкерлер мораторийді дұрыс түсінбеген немесе салықтан жалтару үшін өз мүддесіне пайдаланған болып отыр. Мәселен, өткен жылы біршама кәсіпкерлер мораторий кезеңінде салық төлемесе де болады деп түсінген секілді. Бұны салық саясатындағы кәсіпкерлердің сауатсыздығына жатқызбасқа амал жоқ. Сондай-ақ бірқатар өңірлерде, әсіресе, оңтүстіктегі кәсіпкерлер мораторийді өз ыңғайына пайдаланған. Мәселен, олар тиісті кәсіптерін тоқтаттық деп, салық есебінен шығып, өздерінің кәсібін жапқаны туралы мәлімдеген, бірақ іс жүзінде олардың кәсібі жыл бойына жалғасып келген. Оңтүстіктегі, Алматы мен Астана қалаларындағы бірқатар шайханалар, мейрамханалар тексерулерге қатысты мораторий жағдайын пайдаланып, есептен шығып кетеді. Үкімет қаулысына сәйкес, оны ешкім де тексере алмайды, нәтижесінде бюджетке айтарлықтай «томпақ» келіп отыр. Сондықтан да кәсіпкер азаматтар ең алдымен мораторийдің не екендігін, оның заңдылығын біліп, салық төлемеу құлқынын ашпауы қажет еді.
Жалпы, қазіргі дағдарыс жағдайы салық мәселесіне қандай да болмасын әсерін тигізетіні анық. Дегенмен де, салық мәселесіне әрбір кәсіпкер жауапкершілікпен, жоғары ізгілікпен қарайтын уақыт та жетті. Оның үстіне, Салық комитетінің беталысына қарап, биылдан бастап салықтан жалтарғандармен күрестің жандана түсетінін ұғамыз. Бұл үшін комитет тарапынан арнайы іс-шаралар жоспары да әзірленіп қойған екен.
«Биылғы жылы салыққа қатысты мораторий жоқ және бұны ешкім де жариялаған жоқ. Сондықтан да салық органдары тарапынан республика бойынша кешенді тексерулер жүргізуге байланысты жоспар бар. Біз алғашқы тоқсанда салықтық тексерулер бойынша негізгі екпінді Алматы қаласы мен Алматы облысына түсіретін боламыз. Нақтырақ айтқанда, салық органдары осы өңірлерде терең зерттеулер нәтижесінде анықталған 100 шақты компанияны кешенді әрі жаппай тексеруді нысанаға алып отыр. Осы компанияларға шүйлігуіміздің бірқатар негізгі себептері бар. Біріншіден, нысанаға алынған компанияларда салық жүктемесінің коэффиценті 0,1 пайыздан төмен. Екіншіден, олардың айналымы 100 млн. теңгеден астамды құрап отыр. Сонымен бірге, әлгі компанияларға соңғы тексерулер 2006-2007 жылдары жүргізілген. Яғни, бұлар негізінен ұзақ мерзім бойы салық органдары тарапынан тексерілмей келген кәсіпорындар. Бұнымен қоса, тізімге ілінген компаниялардың қаражат айналымы ауқымды бола тұра, салыққа мардымсыз ақша аударып отырғаны белгілі. Сондықтан да, біз тексеру жүргізуді көздеп отырған компаниялар негізінен «салықтан жалтарды» деген мәселе бойынша қаралуы мүмкін», деді Д. Ерғожин.
Оның айтуынша, биылғы жылы басталатын тексерулер де жан-жақты әрі нәтижелі болады. Мәселен, салықтық тексерулер барысында өңірлердегі салық органдары басшыларының да жекелеген кәсіпорындармен сыбайластық байланысына баса назар аударылады. «Яғни, мысал ретінде айтар болсақ, Алматы қаласындағы аудандық комитет басшысы бір ауданнан екінші ауданға сол лауазымдағы қызметке ауысты делік. Дәл осы мезетте сол комитет басшысымен бірге, 10-15 шақты кәсіпкерлер есептен шығып, жаңағы азамат басшы болып барған ауданға көшіп отырған. Бұндай фактілер бар және оған да жіті назар аударылады. Нақтырақ айтқанда, жаңағыдай компанияларға қосымша тексерулер жүргізіледі», деді Комитет төрағасы. Оның сөзіне қарағанда, ағымдағы жылдың алғашқы тоқсанында басталатын Алматы қаласы мен Алматы облысына тексерулер жүргізу үшін 200-ге жуық аудиторлар тартылады.
Ал осы өңір бойынша тексерулер аяқталғаннан кейін, жинақталған материалдар негізінде, кешенді тексерулер басқа облыстарда да жалғасатын болады. «Өйткені бүгінгі күні біздің тексерулерімізге сәйкес, жаңағы компаниялардың пайда нүктесі Алматы өңірі болып отырса, олардың жалғасқан сыбайлас кәсіпорындары басқа өңірлерде болып отыр. Сондықтан да, жіптің ұшы шыққан соң ары қарай үңги бастаймыз. Сонымен қатар, алғашқыда негізінен 100 млн. теңгеден астам қаржыны айналдырып отырған ірі кәсіпорындар тексерілсе, кейіннен ақырындап шағын компаниялармен жұмысты да бастаймыз», деді Д. Ерғожин.
Қазақстан Республикасы салық қызметінің даму стратегиясында айқындалған үш басым бағыттардың бірі ? қоғамның салық органдарының қызметіне қанағаттануын қамтамасыз ету болып табылады. Оған қоғамның салық мәселелеріне қатысты ақпараттық қолжетімділігін арттыру, салық төлеушілерге көрсетілетін қызмет сапасын жақсарту арқылы қол жеткізіледі. Қызмет көрсету сапасына байланысты арыз-шағым туындаған жағдайда тиісті жауапты қызметкерлерге жүгіну немесе сенім телефондары, жазбаша өтініштерін жәшікке салып, мәліметтерін жеткізу арқылы орын алған мәселелерді тез шешу реттері қаралған.
Сонымен бірге, жаңа Салық кодексіне сәйкес, салық органдары кез-келген кәсіпорынды тексеру үшін 30 күн бұрын тексеруге баратыны туралы хабардар ететін болады. «Салық кодексіне сәйкес, мекен жайын өзгерткен кәсіпорын салық органдарына келіп заңды мекен жайын өзгерткені туралы хабардар етуі қажет. Бұлай болмаса, заңды мекен жайында болмаған кәсіпорынға акті толтырылады. Екі мәрте тексерілгеннен кейін жаңағы кәсіпорын қосымша құн салығынан алынып тасталып және екі жыл бойы қайтадан есепке қойылмайды. Яғни, екі жыл бойы ондай кәсіпорындар «нанынан» айырылады деген сөз. Шындығын айтқанда, бұндай кәсіпорындар Алматы мен Астана қалаларында жеткілікті. Бұның салдары мен салынатын айыппұлы да үлкен болғандықтан, шамаға қарай ескертіп те жатырмыз», деді Д. Ерғожин.
Жалпы алғанда, биылдан бастап қазақстандық салық реформасында алғашқы қадамдар жасалады. Ал кез келген реформаның тірегі халық екендігін ескерсек, бұл іске қоғам да атсалысуы тиіс. Ең бастысы кәсіпкерлерде ғана емес, қарапайым азаматтар тарапынан да салыққа қатысты сауатты арттыра түскен оңды болар еді.