Салық жүктемесін өңдеуші саладан шикізаттық салаға көшіру - бизнестің дамуы үшін өте тиімді болмақ - М. Спанов

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Салық жүктемесін өңдеуші саладан шикізаттық салаға көшіру - бизнестің дамуы үшін өте тиімді болмақ. Бұл туралы Алматыда салық салу мәселелері бойынша өткен дөңгелек үстел барысында Халықаралық бизнес университетінің профессоры, экономика ғылымдарының докторы Мағбат Спанов мәлімдеді.
None
None

Оның айтуынша бұл қадам елімізде бизнес субъектілері үшін қосылған құны жоғары дәрежедегі өнімдер шығаруға тамаша мүмкіндік береді.

«Қазір бұл мәселе Үкімет деңгейінде талқыланып жатыр. Жуық арада оң шешімін табар деген үміттемін. Бұл, әрине, бірқатар заңнамалық актілерге өзгерістер енгізуді талап етеді. Шынында да қазір елімізді салық атаулыны негізінен шикізаттық емес, өңдеуші өнеркәсіп саласы төлейтіні белгілі. Ал бұл, еліміздің экономимкалық саясатына кереғар келетіні анық. Сондықтан салық жүктемесі негізінен шикізаттық салаға ауыстырылса, бизнес үшін қолайлы жағдай туындайды», - деді М. Спанов.

Сонымен қатар, ол қаржы-салық жүйесіне өзгеріс енгізерде асығыстық танытуға болмайтындығын жеткізді.

«Қаржы-салық жүйесі бұл экономиканың күрес тамыры ғой. Ондағы кез-келген қателік, зор шығынға ұшыратады. Сондықтан оған өзгерістер енгізерде өте абай болған жөн. Өйткені, ел бюджеті салық жүйесінен тұрады емес пе!? Ал салық жүйесі еліміздің барлық азаматтарының еңбегінен құралады. Сол үшін кез келген реформалау шарасының жүзеге асуына уақыт, біліктілік және қаржы керек», - деді М. Спанов.

Айта кетелік, қазір Үкімет деңгейінде қосылған құн салығын сатудан алынатын салыққа ауыстыру жөнінде де талқылаулар жүріп жатыр.

«Ақ жол» демократиялық партиясының Алматылық филиалында өткен бүгінгі дөңгелек үстелге Алматы қаласы әкімдігінің өкілдері, Мемлекеттік кірістер департаментінің мамандары және кәсіпкерлер қатысты.

Соңғы жаңалықтар