Салықшыларға Whatsapp арқылы қазақстандықтар көршілері мен жұмыс берушілеріне шағымдануда
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекеттік кірістер комитетіне Whatsapp қосымшасы арқылы келген хабарламалардың 67 пайызы фискалдық тәртіп бұзушылықтарға байланысты.
Бұл туралы Астанада өткен баспасөз мәслихатында ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми өкілі Жамбыл Сұрағанов мәлім етті.
«Комитет жұмысында алғашқы мобильдік қосымша - Whatsapp мессенджері болды. 11 шілдеден бастап комитет осы қосымша арқылы хабарламалар қабылдауда. Атап айтқанда, хабарлардың көбісі комитеттің құзыретіне қатысты емес, яғни олардың ішінде көршісіне немесе жұмыс берушіге шағымдану, интернет пайдаланушыларға және өзге де мемлекеттік органдар қызметкерлеріне шағымдар бар. Сонымен қатар онда адамдар өздерінің ұсыныстарын да жіберген. Тікелей ведомствоның құзыретіне қатысты 1100-ден аса хабарлама келіп түсті»,-деді Ж. Сұрағанов.
Белгілі болғандай, хабарламаның 67 пайызы фискалдық тәртіп бұзушылықтармен, яғни фискалдық чектің берілмеуімен, сондай-ақ төлем картасын қабылдаудан бас тартумен байланысты екен. Мұнымен қоса хабарламалардың көбісі сауда ережелерінің бұзылуы туралы ақпараттарды қамтиды.
Бұдан бөлек, мемлекеттік кірістер органдары қызметкерлеріне қатысты шағымдар тіркелген, сондай-ақ экономикалық тергеу қызметіне тікелей қатысы бар хабарламалар да келіп түскен.
Ж. Сұрағанов бұл хабарламалардың барлығы Тәуекелдерді басқару жүйесіне енгізілетіндігін, кейіннен жүйе қабылдаған шешімнің негізінде бақылау шаралары жүргізілетінін атап өтті.