14:04, 27 Қаңтар 2009 | GMT +5
Салынып жатқан Мойнақ ГЭС-і арқылы 2011 жылға қарай электр энергиясы беріле бастайтын болады ?Қ. Бозымбаев
АСТАНА. Қаңтардың 27-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ -
Салынып жатқан Мойнақ ГЭС-і арқылы 2011 жылға қарай электр энергиясы беріле бастайтын болады. Бүгін 2008 жылдың қорытындысына арналған баспасөз мәслихатында «KEGOС» АҚ президенті Қанат Бозымбаев осылай мәлім етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ағымдағы жылы Мойнақ ГЭС-інің құрылысы басталады. Бұл жоба «Қазақстанның бірегей электр желісіне Мойнақ ГЭС-інің қуатын берудің сызба нұсқасы» деп аталады. Яғни, жоба бойынша ұлттық электр желісіне бірігу үшін 220 кв-тық екі желіні байланыстыратын желі қалыптасады. Жоба арқылы Шарын өзенінен салынатын Мойнақ ГЭС-інен қосалқы стансы қарастырылып, оның бір желісі Шелек стансысына қосылатын болады. Екінші желі Сарыөзек қосалқы стансысына жалғанады, әрі бұл арқылы екіжақты резервтік өткізу мүмкіндігі қамтылады. Осылайша, салынып жатқан Мойнақ ГЭС-інен берілетін электр энергиясы 2011 жылы жүзеге асатын болады», деді Қ. Бозымбаев.
Компания басшысы аталған жоба құрылысының бақылауда тұрғанын атап өтіп, құрылыс қарқыны мен қаржыландыру тиісті деңгейде жүріп жатқанына тоқталды. «Жалпы электр энергетикасы саласындағы жобалар Үкіметтің және «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл- ауқат қорының» қолдауымен жүзеге асатын болады. Біз бірқатар жобалар бойынша мемлекеттік кепілдік алуды ойлап отырмыз. Бұл инфрақұрылымдық жобалар болғандықтан Үкімет тарапынан да тиісті қолдаулар жалғасады деген сенімдеміз», деді Қ. Бозымбаев.