Самокат тепкен оқушы: желідегі тараған видеоның Қазақстанға қатысы жоқ
АСТАНА. KAZINFORM — Әлеуметтік желілерде оқушының айналасындағылардың ескертуіне қарамастан мектеп ішінде самокатпен жүрген видеоролигі тарады.
Жарияланымдарда бұл ролик Қазақстанмен байланыстырылып, мектеп оқушыларының тәрбие деңгейі төмендеп, «адамгершілік құндылықтар құлдырап бара жатқаны» туралы пікірлер айтылған.
Бұдан бөлек, бұл қате нұсқаны жекелеген БАҚ өкілдері де таратып, роликтің нақты қай жерде түсірілгеніне қатысты өз аудиториясын жаңылыстырған.
Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы бастапқы материалды талдады. Түркі тілдерінің ұқсастығына байланысты роликтегі сөздерді қазақ тілінде айтылған деп қабылдауға болады. Орталықтың тексеруі нәтижесінде видеоның көрші елде түсірілгені анықталды.
— Кадрда мұны көрсететін бірқатар аудиовизуалды белгң байқалады. Сонымен қатар, түпнұсқа видеоны жариялаған аккаунттың Қазақстанға қатысы жоқ екені анықталды. Осылайша, таралып жатқан роликтің Қазақстан мектептеріне еш қатысы жоқ, — делінген хабарламада.
Бұл жағдай бастапқы дереккөзді қарапайым тексерудің өзі қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Бөгде елде түсірілген видеоға Қазақстанға қатысты сипаттама беріліп, кейін ол қоғамдағы жағдай туралы эмоциялық пікірлер айтуға себеп болған.
Бұдан бұрын Алматыда электр самокаттан құлаған ер адам мерт болғанын жазғанбыз.