«Самұрық – Қазына» соңғы 6 жылда 27 млрд доллар шетелдік инвестиция тартты
АСТАНА. KAZINFORM – Қордың басқарудағы активтер көлемі 82 млрд доллар. Толығырақ «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов айтып берді.

Ол «Самұрық-Қазынаның» стратегиялық жобалар портфелін таныстырып, қордың шетелдік инвестицияны тартудағы негізгі қозғаушы күш ретіндегі рөлін атап өтті.

- Басқарудағы активтер көлемі 82 млрд доллар. Қор әлемдегі ең ірі 25 егеменді қор қатарына кіреді. Самұрық-Қазына портфелінде жалпы құны $100 млрд асатын 130-дан астам инфрақұрылымдық жоба бар. Соңғы 6 жылда 27 млрд доллар көлемінде шетелдік инвестиция тартылды. Біз көздеген басым бағыттар, жасыл энергетика (2028 жылға қарай 5 ГВт ЖЭК), мұнай-газ жобалары мен магистральдық газ құбырлары, көлік және цифрлық инфрақұрылым, - деді Нұрлан Жақыпов елордада өтіп жатқан Astana Finance Day – 2025 халықаралық форумда.

Сондай-ақ басқарма төраға қордың дамуы мемлекет пен жаһандық инвесторлар арасындағы серіктестікке негізделетінін айтып отыр.
Бүгін елордада Astana Finance Day–2025 өтіп жатыр.
Екі күнге жалғасатын Astana Finance Days-те әлемнің 70-тен астам елінен 5 000-нан аса қатысушы, оның ішінде брокерлер, банкирлер, инвесторлар мен инноваторларды қоса алғанда, қаржы және технологиялық сектор, сондай-ақ мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор өкілдері бас қосып отыр.