Самұрық-Қазына трансформация бағдарламасының неге нәтиже бермегенін түсіндірді
АСТАНА. KAZINFORM — «Самұрық-Қазына» 2018-2021 жылдарға арналған трансформация бағдарламасының күткен нәтижеге неліктен қол жеткізе алмағанын түсіндірді.
- Трансформация бағдарламасы қорда 2014 жылдан бастап жүзеге асырылып келеді және бастапқыда портфельдік компаниялардың құнын арттыруға, инвестициялық портфель құрылымын өзгертуге, сондай-ақ қордың корпоративтік басқару жүйесін жаңғыртуға бағытталған еді. Трансформация бағдарламасы қордың алты негізгі портфельдік («ҚазМұнайГаз» АҚ, «Қазақстан Темір Жолы» АҚ, «Қазпошта» АҚ, «Қазатомөнеркәсіп» АҚ, «Самұрық-Энерго» АҚ, «KEGOC» АҚ) компаниясында іске асырылды. 2014–2017 жылдары аралығында трансформация бағдарламасы аясында қордың және портфельдік компаниялардың стратегиялық қызмет параметрлері жаңартылды. Басқарушылық және ұйымдастырушылық құрылым оңтайландырылды: Кадрлық және HR-басқару қызметтері күшейтілді, Сондай-ақ мемлекеттік органдармен өзара іс-әрекеттер қызметі кеңейтілді, - деп атап өтеді қордан агенттіктің ресми сауалына орай.
Алайда, бағдарламаны іске асыру барысында оның параметрлерін қайта қарау қажеттілігі анықталды. Бұл өндірістік үдерістерді жетілдіруге және цифрлық технологиялардың әлеуетіне жеткілікті көңіл бөлінбеуіне, жоғары басшылықтың қатысу деңгейінің төмендігіне және бірқатар өзге де мәселеге байланысты болды.
- 2018 жылы корпоративтік қызметтерді трансформациялаудан қордың цифрлық трансформациясына көшу туралы шешім қабылданды. Жаңартылған трансформация бағдарламасының портфелі 56 жобадан және 98 іс-шарадан тұрды. Цифрлық трансформацияға және өндірістік процестерді цифрландыру жобаларын енгізу басты назарда болды. Кейін жобалар құрамы портфельдік компаниялардың ағымдағы қажеттіліктеріне сәйкес тұрақты түрде өзгертіліп отырды: стратегиялық және операциялық басымдықтар өзгерген сайын жекелеген бастамалар қосылып немесе алынып тасталды, - деді «Самұрық-Қазынадан».
Жауапқа қарағанда, 2018-2023 жылдар аралығында қор сатып алулар рәсімдерін оңтайландыру, өндірістік процестердің тиімділігін арттыру, IT-қызметтерді жетілдіру, бизнесті дамыту және корпоративтік үдерістерді жақсарту бағыттарында нәтижелерге қол жеткізді.
Бағдарламаны іске асыру барысында өндірістік процестерге жіті көңіл бөлмеу, жоғары басшылықтың қатысу деңгейінің төмендігі және басымдықтардың өзгеруіне байланысты жобаларды жиі түзету сияқты қиыншылықтар байқалды. Бұл жағдайлар жоспарланған бастамаларды іске асыру барысын баяулатып, осы кезеңдегі бағдарламаның тиімділігін төмендетті.
- Дегенмен, 2014–2023 жылдары аралығындағы трансформацияның жиынтық расталған таза пайдасы 186,5 млрд теңгені құрады. Бұл қордың жалпы шығындарынан 45 пайызға жоғары. 2023 жылы қордың Директорлар кеңесі трансформация бағдарламасының орындалу қорытындылары туралы есептің нәтижелерін портфельдік компаниялардың ішкі аудит қызметтерін тарта отырып тексеруді тапсырды. Осыған байланысты әр портфельдік компания өз Директорлар кеңесінде жобалар мен іс-шаралардың орындалуына қатысты деректерді талдап, тексеруден өткізді, - делінген компания мәліметінде.
Айта кетейік, Жоғары аудиторлық палата «Самұрық-Қазына» АҚ мен еншілес ұйымдарында мемлекеттік активтердің пайдаланылу тиімділігіне аудит жүргізіп, 2018-2021 жылдарға арналған трансформация бағдарламасы күткен нәтижеге толық қол жеткізбегенін анықтаған еді.