«Самұрық-Қазына» 2016 жылды қорытындылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Самұрық-Қазына» Ұлттық әлауқат қоры» акционерлік қоғамы 2016 жылдың 31 желтоқсанына дейінгі өзінің жылдық қаржылық көрсеткіштерін жариялаған болатын.

«Самұрық-Қазына» 2016 жылды қорытындылады

Қордың қаржы және операциялары жөніндегі басқарушы директорының міндетін атқарушы Ернар Жанәділ мәлімдегендей, «Самұрық-Қазына» АҚ 2016 жылды оңтайлы  қаржылық нәтижемен аяқтады. Акционер үлесіндегі шоғырланған таза пайда 2016 жылдың қорытындысы бойынша 455 млрд теңгені құрады. Бұл 2015 жылғы көрсеткіштен екі еседен көп немесе 292 млрд теңгеге артық.

Естеріңізге сала кетейік, «Самұрық-Қазына» АҚ-ның 2015 жылғы шоғырландырылған таза пайдасы 2014 жылмен салыстырғанда 30 пайызға артып, 304,8 млрд.теңгені құраған болатын. «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобы бойынша 2015 жылы 663 млрд. теңге көлемінде салықтар мен төлемдер жасалды. Қор 2014 жылы атқарған жұмыстарының нәтижесі ретінде, 2015 жылы өзінің жалғыз акционеріне, яғни Қазақстан Республикасының Үкіметіне 34,7 млрд. теңге дивиденд төледі. Бұдан өзге, есепті кезеңде жалғыз акционеріне 32,2 млрд. теңге бөлді.

Қордың биылғы шоғырланған түсім соммасы 4,1 трлн теңгеге жуық болып отыр. Бұл алдыңғы жылдың көрсеткіштеріне қарағанда 32% жоғары. Түсімнің елеулі өсуіне 2016 жылдың екінші жартыжылдығында шикі мұнайдың қосымша көлемін сату, сондай-ақ аффинажды алтын, газды қайта өңдеу және мұнай өнімдерін сату ықпал еткен болатын.

Қор тобының шоғырланған активтері 2016 жылдың 31 желтоқсандағы ахуал бойынша 22,4 трлн теңгеден асты, бұл 2015 жылдың көрсеткіштеріне қарағанда 1,6 трлн теңгеге немесе 7,5% көп.

Естеріңізге сала кетейік, «Самұрық-Қазына» АҚ Компаниялар тобына мұнайгаз, көлік және логистика салаларындағы кәсіпорындар, химия және атом өндірісі, тау-кен, металлургия кешені, энергетика, машина жасау мен жылжымайтын мүлік салаларының компаниялары кіреді. Қордың негізгі ірі активтері: «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ, «Қазақстан Темір Жолы» ҰК АҚ, «Эйр Астана» АҚ, «Qazaq Air» АҚ, «Қазатомпром» ҰАҚ» АҚ, «Қазпошта» АҚ, «Самұрық -Энерго» АҚ, «KEGOC» АҚ және «Қазақстан инжиниринг» АҚ.

Қордың инвестициялық қызметі Қазақстан Республикасының ұлттық әл-ауқатын арттыруға және ұлттық экономиканы жаңғыртуға қолдау көрсетуге бағытталған. «Самұрық-Қазына» АҚ жаңа активтері Қазақстанның алдыңғы қатарлы, ал халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті компаниялар болуы тиіс.

Сондықтан да, Қор инвестицияларының басым бөлігі ел экономикасын дамытуға жұмсалуда, ал шетелге шығарылған инвестициялар тек қоржынды компаниялар үшін айтарлықтай синергетикалық әсері бар немесе технологиялық және басқарушылық инновацияларды табыстау мақсатында стратегиялық активтерге ғана жасалады.

Қордың стратегиялық көрсеткіші болып табылатын таза активтердің құны 6,8 трлн теңгеден асып, 2015 жылдағыдан 7% өсті.

Осылайша, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ таза пайдасы 2016 жылы 306 млрд теңгеге жетті.  Ал «Қазақстан Темір Жолы» ҰК»  АҚ 41 млрд теңге көлемінде таза пайда алды.

«Самұрық-Энерго» АҚ   2016 жылдың нәтижесінде компанияның шоғырланған пайдасы 6,5 млрд теңге деңгейінде жоспарланғанымен, 18 млрд теңгеге жетті.

Қор менеджментінің болжамына сәйкес, алдағы бес жылдың ішінде мұнай бағасы 33% көтерілуі мүмкін, ал Қордың қоржындық компанияларында мұнай мен газ конденсатының өндірісі 8,6%, жүк тасымалының көлемі 17% және жолаушылар саны 36% өседі деп күтілуде.