«Самұрық-Қазына» 2020 жылға дейін 50 мың отбасын баспанамен қамтымақ

Бүгін Миинстрлер кабинетінің бас қосуында таныстырылған аталған бағдарламаның жобасында тұрғын үй құрылысын мемлекеттік қолдаудың 6 бағыты айқындалған. Солардың бірі әрі бірегейі «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының қаржыландыруы арқасында тұрғын үй салу көзделген бағыт десек те болады. Өйткені, осы бағыт арқылы Мемлекет басшысы межелеген жыл сайынғы жалға берілетін тұрғын үй алаңының 1 миллион шаршы метрінің тең жартысы қордың қаржыландыруы арқылы жүзеге асырылады. «Қолжетімді баспана» бағдарламасы аясында кемінде 1 млн. шаршы метр тұрғын үй салынатын болса, оның 500 мың шаршы метрінің құрылысын «Жылжылмайтын мүлік қоры» АҚ-ы арқылы «Самұрық-Қазына» ӘАҚ» АҚ-ы қаржыландыратын болады. «Біздің блоктың басты міндеті - орта санат үшін қолжетімді баспана салу. Біз тұрғын үйлерді жылдарға бөліп салып, пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Атап айтқанда, 2013 жылы 200 мың, 2014 жылы 300 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға береміз. Ал 2015 жылдан бастап 2020 жылға дейін жыл сайын біз мәлім еткен көлемге, шамамен 500 мың шаршы метрлік межеге шығамыз», - деді «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқармасы төрағасының орынбасары Қуандық Бишімбаев.
Оның атап өтуінше, бағдарламаның қор жүзеге асыратын бағытындағы жалпы қаржыландыру көлемі 688 млрд. теңгені құрайды. Аталған соманың 410 млрд-ы кері инвестицияланатын қаржы болмақ. Жалпы айналымға 288 млрд. теңге салу қажет етіледі. Бұл реттегі қордың 2020 жылға дейінгі құрылысқа салатын қаржысының көлемі кемінде 80 млрд. теңгені құрайды. Ал жетіспейтін 198 млрд. теңгені қор республикалық бюджеттен «сауын» айтып, сұрап алмаққа ниет танытып отыр. Қ.Бишімбаевтың түсіндіруінше, бұндай қадамға қор қаражатының біраз бөлігін Елбасының Жолдауында көзделген басқа да инвестициялық ірі жобаларға қорландыруынан кейін бармақ.
Өздерінің жобалары бойынша жүзеге асырылатын баспана салу ісіне қатысты бірқатар өлшемдерді бекітіп отырған қор құрылыс жұмыстарын жеке капиталмен әріптестікте атқармақ. Бұл ретте жекеменшік құрылыс компаниясының қатысу үлесі жоба құнының 20 пайызынан кем болмауы тиісті. Дегенмен, бұл үлеске жер сатып алу, жобалық-сметалық құжатын әзірлеу сынды шығындар да қосылған. Сонымен қатар құрылыс компанияларының бағдарламаға қатысу өлшемдері де екшелген. Мәселен, бұған дейін құрылысқа жіберілетін компанияның аталған саладағы тәжірибесі 4 жыл болса, ендігі уақытта ол 3 жылға төмендетілген. Ал тұрғын үй салу өлшемі бұған дейін өңірлер үшін 15 мың, Алматы мен Астана қалалары үшін 40 мың шаршы метр болса, ендігі уақытта ол 8 мың шаршы метрге дейін төмендетілген. «Біз бүкіл республиканы толық қамтуды жоспарлап отырмыз. Ал өңірлерде мұндай талаптарға сай келетін құрылысшылар жоқ», - дейді ол.
Оның атап өтуінше, тұрғын үй нысандарының құрылысы 3 сызба бойынша жүзеге асырылмақ. Алғашқы сызбада жеке инвестормен бірлесіп баспана салу көзделген. Бұл ретте олар өздерінің меншікті жерлерінде бой көтеретін ғимараттың жобасымен кемінде 20 пайыздық үлес қаржысын мойнына алса, ал «Самұрық-Қазына» қалған 80 пайыз қаржыны салады. Екінші сызба бұған дейін де дағдарысқа қарсы бағдарлама аясында өзінің тиімділігін көрсеткен болатын. Оған сәйкес құрылысқа қажетті соманың 80 пайызы екінші деңгейлі банктерге депозиттерге орналастырылады, ал қалған 20 пайызын жеке құрылыс компаниясы салуы шарт. Депозиттерге қаражат баспана салынғаннан кейін қайтарылады. Яғни, қор депозиттердің орнына дайын пәтерлер алып, оны тікелей сатылымға шығарады және одан әрі сатып алу үшін ұзақ мерзімді жалға береді. Соңғы сызбаға сәйкес «Жылжымайтын мүлік қорының» тапсырысы бойынша жергілікті атқарушы органдар тұрғын үй құрылысын ұйымдастырады. Бұл орайда жергілікті атқарушы органдар қорға инфрақұрылымы жүргізілген жер учаскесін беруі қажет. Ал одан кейін қор жобалық-сметалық құжатын әзірлеп, құрылыс компаниясын тарту арқылы өз қаражаты есебінен тұрғын үйді тұрғызады. Айта кетерлігі, баспананың 1 шаршы метрі өңірлерде 120 мың, ал Астана мен Алматы қалаларында 150 мың теңгеден аспайды әрі энергия үнемдейтін технология қоллданылып, құрылыс материалдары және құрылыстың өзінің де сапасы өте жоғары болады. Қордың шарты бойынша баспана 15 жылға жалға беріледі. Міне осы аралықта шаршы метрін шамамен 1000-1100 теңгеден жалға алған адам баспана құнын толығымен өтеп шығып, жекеменшігіне алады. Айта кетерлігі, алғашқы төлем қажет етілмейді. Тек 4 айлық жалға алу қаражатын алдын ала өтесе болғаны. Сонымен қатар баспанаға ие болған азаматтар оны 3 жылдан кейін қаржысы болған жағдайда, бірден сатып алуға да мүмкіндіктері бар.
Жалпы қазіргі уақытта Астана мен Шымкент қалаларында екі ілкі жобаны қолға алған «Самұрық-Қазына» қоры аталған шаһарларда 2013 жылы 116 мың, 2014 жылы 330 мың шаршы метр тұрғын үй салмақ. «Толықтай алғанда бағдарламаны жүзеге асыру есебінен 2020 жылға дейін тұрғын үй секторына құйылған жеке инвестиция көлемін шамамен 295 млрд. теңгеге дейін өсіріп, кемінде 50 мың отбасын баспанамен қамтамасыз етеміз», - деді Қ.Бишімбаев.