«Самұрық-Қазына» АҚ-ға қарасты активтер жаз айларында сатылады
Бұл туралы бүгін Астанадағы баспасөз мәслихатында Қаржы директоры - Басқарма мүшесі Нурлан Рахметов мәлім етті.
«Жекешелендіру бағдарламасына сәйкес, «Самұрық-Қазына» компаниялар тобындағы бәсекелестік ортаға берілетін кәсіпорындардың тізімін берген болатынбыз. Тізім осы жылдың 12 мамырында Үкіметтің арнайы қаулысымен бекітілді. Енді аталған бағдарламаны орындау мақсатында «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма Төрағасының орынбасары Елена Бахмутованың басшылығымен Қордың компаниялар тобының активтерін сату жөніндегі басқарушы комитет құрылды»,-деді Н. Рахметов.
Оның сөзіне қарағанда, қазіргі кезде қор мен оның еншілес компанияларына қарасты активтер мен нысандарды сату ережесі жасалып, «Самұрық-Қазына» Директорлар кеңесінің қарауына енгізілді. «Ережеде активтер мен нысандарды сату талаптары айқындалған. Бұл қағидаларда ең бастысы, ашықтық мәселесі ескерілген»,-деді ол.
Активтерді сату Қаржы министрлігінің электронды алаңында жүргізіледі деп күтілуде. Заңдылық қағидасы бойынша тиісті заңдық сараптамадан өткен үшінші бір жаққа қарызы жоқ таза активтер мен нысандар ғана сатылымға шығарылады.
«Қазіргі уақытта осы ережені бекіту үшін дайындалып жатырмыз. Мақұлданған жағдайда, маусым айының ортасында жұртшылыққа жария етеміз. Құжат бекітілгеннен кейін Қор мен оның еншілес компаниялары ұйымдастыру жұмыстарын жүргізеді және активтер шілде-тамыз айларында ереже бойынша сатыла бастайды. Бірақ оған дейін Қор мен оның құрылымдары активтерді қолданыстағы тәртіп аясында сатады. Осы жерде бұл тәртіптің қолданатын ережелерге қайшы келмейтінін баса айтқым келеді»,-деді Н. Рахметов.
Айта кетейік, Қазақстан Үкіметі «Самұрық-Қазына» АҚ-мен бірлесіп 2014-2016 жылдардағы жекешелендіру бағдарламасын жасаған болатын. Бұл бағдарламаны іске асыру мемлекеттің экономикаға қатысын азайтып, жеке сектордың үлесін арттыру арқылы оның негізін нықтай түседі.
Белгілі болғандай, Үкімет шешімі бойынша жеке секторға «Самұрық-Қазына» АҚ-ның 106 компаниясының түрлі үлестері сатылады. Соның ішінде 5 компания IPO мен SPO-ға шығару көзделген. Осы жылдың маусым-шілдесінде «Қазақстан темір жолы» АҚ құрамындағы 4 компания, «Қазатомөнеркәсіп» АҚ құрамындағы 2 және «Қазақстан инжиниринг» АҚ құрамындағы 4 компания сатуға шығарылады.