«Самұрық-Қазына» биыл тағы да 2 мыңнан астам әкімшілік қызметкерлерді қысқартуға ниетті
АСТАНА 7 ақпан. ҚазАқпарат - «Самұрық-Қазына» қоры құрамындағы компаниялардың шығыстарын қысқарту бойынша арнайы бағдарламаны әзірледі. Ол өз кезегінде үш жылдың ішінде 70 млрд. теңгеге жуық қаржыны үнемдеуді қарастырады. Бұл туралы бүгін «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-ның өткен жылдың қорытындылары мен ағымдағы жылғы міндеттеріне байланысты өтіп жатқан кеңейтілген алқа мәжілісінде қор басшысы Өмірзақ Шөкеев мәлім етті.
Оның сөзіне қарағанда, әкімшілік-басқару персоналы санын оңтайландыру бойынша үш жылдық бағдарлама қабылданып, 2012 жылы 1173 қызметкер қысқартылса, 2013 жылы тағы 2356-сын қасқарту жоспарланып отыр екен.
Ө. Шөкеевтің айтуынша, осының арқасында еңбекақы төлеу қорын 4 млрд. теңгеден астам қаржыға қысқартуға мүмкін болды. Ал биыл еңбекақы төлеу қорын 2,8 млрд. теңгеден астамға азайту көзделіп отырған көрінеді.