«Самұрық-Қазына» қоры 2009 жылы қазақстандық өнімдерді сатып алуға жалпы сомасы 1,4 трлн. теңге жұмсайды

АСТАНА. Наурыздың 2-сі. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - «Самұрық-Қазына» қорының құрамындағы компаниялар тобы 2009 жылы қазақстандық өндірушілердің тауарларын, жұмыстары мен қызмет көрсетулерін сатып алуға жалпы сомасы 1,4 трлн. теңге жұмсауды жоспарлап отыр.
None
None
Бұл туралы бүгін Үкіметтегі селекторлық кеңесте Қор басшысы Қайрат Келімбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Оның айтуынша, бұл соманың ішінде қазақстандық өндірушілердің тауарларын, жұмыстарын және қызмет көрсетулерін сатып алуға тек ірі алты компания кем дегенде 700 млрд. теңге шығармақ. Көрсетілген соманың шегінде Қордың құрамындағы ұйымдар отандық өнімдерді жеткізушілермен келісімшарттар мен меморандумдарды бекітіп қойған. Олар бойынша отандық өндірушілердің жалпы сомасы 130 млрд. теңгеден астам тауарлары мен жұмыстарын, қызметтерін жеткізу көзделуде. «Ірі ұлттық компаниялар жайында айтатын болсақ, жоспарланған үлестердің ішіндегі ең ауқымдысы «Қазақстан темір жолы» компаниясына тиесілі. Оның 2008 жылы сатып алған отандық өнімдерінің үлесі 70 пайыз болса, 2009 жылы 79 пайызға жеткелі отыр. Бұл компанияның сатып алатын қазақстандық тауарлары мен қызмет көрсетулерінің жалпы сомасы алдын-ала есеп бойынша 238 млрд. теңгеге бағалануда», деді Қ. Келімбетов. Оның айтуынша, «ҚазМұнайГаз» компаниясының 2009 жылы мемлекеттік сатып алулардағы жалпы жоспарланған сомасы - 343 млрд. теңгені құрайды, оның ішінде компания отандық өндірушілердің тауарлары мен қызмет көресетулерін сатып алуға 240 млрд. теңге шығындауды жоспарлап отыр. Бұл 2008 жылғы көрсеткіштен екі есеге көп. Ал «ҚазАтомӨнеркәсіп» компаниясы болса Қазақстанда өндірілетін тауарларды сатып алуға жұмсайтын шығындарын 21 пайызға ұлғайтуды көздеп отыр, бұл өз кезегінде 76 млрд. теңге соманы құрайды. «Қазақтелеком» қазақстандық жеткізушілерден 39 млрд. теңгенің тауарларын сатып алатын болады. Бұл былтырғы жылдағыдан 8 пайызға көп. «Самұрық-Қазына» қорының құрылымына кіретін электр энергетикасы секторындағы компаниялар 97 млрд. теңгеге отандық өндірушілердің тауарлары мен жұмыстарын, қызмет көрсетулерін сатып алуды жоспарлап отыр. Егер 2008 жылы бұлардың сатып алуларындағы отандық өндірушілердің үлесі 80 пайызды құраса, 2009 жылы оны 84 пайызға жеткізу жоспарлануда», деді Қ. Келімбетов.
Соңғы жаңалықтар