«Самұрық-Қазына» қоры 2010 жылдың 1-ші тоқсанында отандық тауар өндірушілерден 175 млрд. теңгенің өнімдерін сатып алады

Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық кеңесінде «Самұрық-Қазына» қоры басқармасының мүшесі Қайрат Әйтекенов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның сөзіне қарағанда, Қордың құрамындағы ұлттық компаниялардың сатып алу жоспарлары түгелдей бекітілген және олардың барлығы тиісті сайттарда орналастырылған. Сатып алулардың басым бөлігі, яғни 98 пайызы 9 ұлттық компанияның үлесіне тиетін болады. Бірінші тоқсанда сатып алуларға 537,8 млрд. теңге бағыттау жоспарланып отыр, оның ішінде 175 млрд. теңге отандық тауар өндірушілердің өнімдерін сатып алуға жұмсалатын болады.
Ал, «Қазақстан темір жолы» ҰК басшысы Асқар Маминннің сөзіне қарағанда, бұл компания 2010 жылы 887 млрд. теңгенің тауарларын, жұмыстарын және қызметтерін сатып алуды көздеп отыр. Бұл ретте аталмыш сатып алулардағы қазақстандық қамтудың үлесі 80 пайызды құрайтын болады. Бұл 2009 жылға қарағанда айтарлықтай жоғары.
«ҚазМұнайГаз» ҰК болса ағымдағы жылдың 1-ші тоқсанында 243 млрд. теңгенің тауарларын, жұмыстарын және қызметтерін сатып алуға ниетті. Бұл соманың 65 пайызы отандық тауар өндірушілердің өнімдерін сатып алуға жұмсалады», деді аталмыш компанияның президенті Қайыргелді Қабылдин.
Ал, «Кегок» компаниясының президенті Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, 2010 жылдың 1-ші тоқсанында компания 597 млн. теңгенің сатып алуларын жүргізуді көздеп отыр. Мұндағы қазақстандық қамту 75 пайызды құрамақ.