"Самұрық-Қазына" қоры осы аптаның соңына дейін «Қазкоммерцбанк» пен «Халық банкін» қосымша қаржыландыратын болады

АСТАНА. Қаңтардың 19-ы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Үкіметтің дағдарысқа қарсы бағдарламасы аясында «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры осы аптаның соңына дейін еліміздегі ірі банктер - «Қазкоммерцбанк» пен «Халық банкін» қосымша қаржыландыратын болады.
None
None
Бұл туралы бүгін Астана әкімдігіндегі баспасөз мәслихатында «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Қайрат Келімбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Өткен аптада «Самұрық-Қазына» қоры «Қазкоммерцбанкпен» және «Қазақстан халық банкімен» әрқайсысының 25 пайызға дейінгі қарапайым акцияларын сатып алу арқылы мемлекеттің олардың капиталына кіруі туралы келісімдерге қол қойды. Тиісті процедуралар аяқталғаннан кейін мемлекеттің атынан «Самұрық»-Қазына» қоры осы ірі банктердің акционері болады және оларды қосымша қаржыландыру үшін тиісті қолдау көрсетеді. Тиісті процедуралардың аяқталуын күтпей-ақ, біз осы аптаның соңына дейін «Қазкоммерцбанкке» 300 млн. долларға дейін, «Халық банкіне» 500 млн. долларға дейін қаржы бөлуді жоспарлап отырмыз», деді өз сөзінде Қ. Келімбетов. Оның айтуынша, мемлекеттің қаржысы аталмыш банктерде депозит түрінде орналастырылатын болады. Бұл қаржылар осы банктердегі жағдайды тұрақтандыруға жұмсалатын және экономиканың нақты секторындағы жобаларды қаржыландыруға бағытталатын болады. Қ. Келімбетов, сондай-ақ Қор «Қазкоммерцбанкпен» және «Халық банкімен» банк секторын тұрақтандыру үшін Ұлттық қордан бөлініп отырған 4 млрд. доллардың есебінен қаңтардың 31-не дейін олардың әрқайсысына 1 млрд. доллардан, яғни жалпы жиынтығы 2 млрд. долларды құрайтын қаржыны аудару жөнінде алдын-ала келісімге келгенін атап көрсетті. «Осылайша еліміздегі екінші деңгейлі жетекші екі банкке қосымша 2 млрд. доллар түсетін болады және олар экономиканың нақты секторындағы тиісті жобаларды қаржыландыруға бағытталады», деді ол.
Соңғы жаңалықтар