«Самұрық - Қазына» қоры SOS Қазақстанның балалар ауылдарына 200 млн. теңге бөлді

Аталған құжат екі қор арасындағы ынтымақтастық байланыстарды дамытумен қатар, әлеуметтік жағынан аз қамтылған балалар мен отбасыларға тәрбие және білім беру бойынша көмек беруді көздейді. Осыған орай «Самұрық - Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры «SOS Қазақстанның балалар ауылдары» корпоративтік қорының 22 жобасын іске асыруға қыруар қаржы бөліп отыр. Оның барлығы Астана, Алматы және Теміртау қалаларында орналасқан SOS Қазақстанның балалар ауылдарын дамытуға жұмсалмақ. Астанадағы балалар ауылының директоры Батырхан Дженалиевтің айтуынша, бұған дейін де «Самұрық - Қазына» қоры бірталай ақша бөлген. «Ал биыл SOS Қазақстанның балалар ауылдарының тарихында алғаш рет рекордтық сома - 200 млн. теңге бөлініп отыр», - дейді ол.
«Самұрық - Қазына» қорының атқарушы директоры Дархан Қалетаев атап көрсеткендей, болашақта бұл жұмыс ары қарай жалғасатын болады. «Бүгінгі меморандумның мерзімі - 3 жыл. Осы уақыттың ішінде біраз шаруаны атқарып шығу қажет», - деді Д.Қалетаев.