«Самұрық-Қазына» Қорының басқармасы кадрлық саясатты күшейту және сыбайлас жемқорлықпен күресу жөніндегі шаралар қабылдады

АСТАНА. Маусымның 2-сі. ҚазАқпарат - «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы басқармасының кеше, маусымның 1-інде өткен мәжілісінде Қазақстан Республикасының құқық қорғаушы және бақылау органдары жүргізген тексерудің барысында анықталған Қордың тобына кіретін бірқатар ұйымдардың қызметтеріндегі заңбұзушылықтар қаралды.
None
None
ҚазАқпаратқа бұл туралы акционерлік қоғамның баспасөз қызметінен хабарлады. Атап айтқанда, «ҚазАтомӨнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясы» акционерлік қоғамының бұрынғы басшысының қызметінен Бас прокуратура анықтаған заңбұзушылықтарға байланысты Қор басқармасы орын алған активтерді өзгенің меншігіне беру фактілері бойынша еншілес компанияларды кешенді тексерулер жүргізу туралы шешім қабылдады. «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы басқармасының шешімімен сондай-ақ Есеп комитетінің «Қазпошта» акционерлік қоғамының жұмысында анықталған қаржылық заңбұзушылықтарды қосымша тексеру үшін және республиканың пошта-жинақтау жүйесінің инфрақұрылымын қалыптастыруға және дамытуға 2008 жылы «Қазпоштаның» жарғылық капиталын арттыруға бөлінген республикалық бюджет қаражатының тиімді қолданылуын қадағалау барысында анықталған заңсыздықтарды жою жөніндегі шешімдер қабылдау үшін арнайы комиссия құрылды. Қордың еншілес ұйымдарындағы сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтарымен күресуді күшейту мақсатында, Ұлттық әл-ауқат қорының Басқармасы сатып алуларды ішкі аудит қызметтерімен бірлесіп жүзеге асыру ережелерінің сақталуына жоспарлы тексерулер өткізу туралы да шешім қабылдады. Жоспарлы тексерулер «Қазақстан темір жолы», «ҚазМұнайГаз» сияқты ұлттық компаниялардан басталмақ. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының Басқарма төрағасы Қайрат Келімбетовтың атап көрсетуінше, Мемлекет басшысы Қордың алдына ел экономикасындағы дағдарыстарды еңсеру және Қазақстанның дағдарыстан кейінгі экономикалық серпілісін қамтамасыз ету жөніндегі маңызды міндеттер қойып отыр. «Ол үшін дағдарыстан кейінгі тиімді басқаруды, қаражаттарды оңтайлы жұмсауды, сондай-ақ Қордың кадрлық капиталын дамытуды қамтамасыз ету керек. Осыған байланысты заңнамалар мен корпоративтік шешімдердің қатаң сақталуын қамтамасыз ету - «Самұрық-Қазына» қорының кадрлық саясатының іргелі қағидаларының бірі болып табылады», - деп атап көрсетті Қор басшысы өз сөзінде.
Соңғы жаңалықтар