19:46, 27 Қаңтар 2009 | GMT +5
«Самұрық-Қазына» қорының топтастырылған жарғылық капиталы 29 млрд. долларды құрады ? Қ. Келімбетов
АСТАНА. Қаңтардың 27-сі. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Биылғы жылғы қаңтардың 1-індегі деректер бойынша, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат» қорының топтастырылған жарғылық капиталы шамамен 3,5 триллион теңгені немесе 29 млрд. долларды құрады. Бұл туралы Қор басшысы Қайрат Келімбетов 2008 жылдың қорытындыларына арналған өздерінің бүгінгі алқа мәжілісінде мәлім етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Іс жүзінде Қор өзінің төңірегіне 40 пайызға дейінгі елдің Ішкі жалпы өнімін шоғырландырды», деді өз сөзінде Қ. Келімбетов. Оның сөзіне қарағанда, «Самұрық-Қазына» қоры бүгінде 404 еншілес және бағынышты ұйымдарды және олармен аффилирленген заңды тұлғаларды біріктірген. «Самұрық-Қазына» қорында жалпы саны 260 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған. Оның ішінде басқарушы компанияның өзінде 205 адам жұмыс істейді», деді ол. Қ. Келімбетов Қор қазіргі таңда өз қызметін өндірістік және инвестициялық қызмет, экономиканы және қаржы секторын тұрақтандыру, корпоративтік басқару жүйесін жетілдіру сынды үш негізгі бағыт бойынша жүзеге асырып жатқанын атап көрсетті.