17:45, 21 Қараша 2011 | GMT +5
«Самұрық-Қазына» жалпы құны 15 млрд. доллар болатын инвестициялық жобаларды жүзеге асыруда
ТАНА. 21 қараша. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры 15 миллиард доллардың инвестициялық жобаларын жүзеге асыруда. Бұл туралы бүгін елордада өтіп жатқан Еуразиялық және азиялық медиа форумның «Қазақстан экономикасы - 20 жылдық жетістіктер, болашаққа көзқарасы» атты жалпы отырысында аталған қор төрағасының орынбасары Қуандық Бишимбаев мәлім етті.

«Қазіргі таңдағы біздің ең басты міндетіміз - елдің үдемелі индустриалды инновациясын, индустриалды бағдарламасын жүзеге асыру, шикізаттық сектордағы өңдеуші өнеркәсіптің қарқынды өсімін қамтамасыз ету», - деп атап өтті ол.
Оның айтуынша, бүгінде қорға елдегі барлық ірі өнеркәсіптің, барлық ұлттық компаниялардың активтері шоғарыландырылған. Қор алдына өңдеуші өнеркәсіпті қалыптастыру бағытындағы ауқымды міндет жүктелген. Ол үшін 2010 жылдан бастап «Самұрық-Қазына» қоры жалпы сомасы 2,1 трлн. теңгені немесе шамамен 15 млрд. долларды құрайтын инвестициялық жобаларды жүзеге асыруда.