«Самұрық-Қазынада» қызметкерлер санын қысқарту жүргізіліп жатыр

Бұған қоса холдингтің ішкі қорларын анықтау үшін топ ішіндегі кооперация есебінен шығындарды қысқарту Бағдарламасы мақұлданды. Осыған сәйкес Қор компанияларының тобы ішінде нарықтық жағдайда тауар мен қызмет түрлерін сатып алу көлемін ұлғайту, Қор тобы бойынша орталықтандырылған сатып алулар арқылы бағаларды төмендету мүмкіндіктерін пайдалану сынды іс-шаралар іске асырылмақ. Нәтижесінде тек мұнай өнімдерін сатып алуға байланысты топ ішіндегі кооперацияны енгізуден ғана жылдық экономикалық әсер 6 млрд. теңгеге жетеді, деп хабарланды «Самұрық -Қазына» ақпараттық-талдамалы порталында.
Компаниялардың ұзақ мерзімді құнын көтеру үшін қолға алынған жұмыс бағыттарының бірі - активтерді қайта құрылымдау. Қор функционалдық талдау жүргізіп, қорытындысы бойынша Қор компаниялар тобының активтерін қайта құрылымдау жөніндегі іс-шаралардың тиісті Жоспарларын бекіткен. Жоспарға сай 560 кәсіптік емес актив пен нысанды қайта құру, нарыққа шығару немесе орталық және жергілікті мемлекеттік органдарға беру көзделген. 1 қыркүйекке дейін іс жүзінде шығарылған активтер мен нысандардың саны 400-ден астам, 2013-2015 жылдары тағы 150-ге жуығы жойылмақ.
Сонымен бірге басқару директоры Н.Рахметов биыл Қор компаниялар тобында 2356 әкімшілік қызметкердің жұмыстан босатылатыны туралы жариялады. Бұл жұмыс Мемлекет басшысының 2012 жылдың 27 қаңтарында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген басқару холдингтері мен ұлттық компаниялардың басқару аппараттарының құрылымдарын оңтайландыру туралы тапсырмаларын орындау мақсатында қолға алынған.
2012 жылы Қор компанияларының тобында 2210 бірлік қысқартылды. Нәтижесінде өткен жылдың қорытындысы бойынша әкімшілік-басқару ұжымы 29790 адамды құрады, ал еңбек ақысына жұмсалатын шығындар 7 млрд. теңгеге қысқарған.
Шығындарды азайту жөніндегі іс-шаралардың барлығы операциялық тиімділіктің стратегиялық көрсеткішінің оңтайлы қозғалысына ықпал етті: Қор тобы бойынша EBITDA margin (екінші деңгейлі банктерді есептемегенде) 2011 жылы тіркелген 17,8% 2012 жылы 19,3% дейін өсті, ал 2013 жылдың I жартыжылдығында 22,2% құрады.
Басқарма сонымен қатар Қор тобында корпоративті басқаруды жетілдіруге бағытталған бірқатар құжаттарды қарастырды. Атап айтқанда, басқосуда Қордың еншілес ұйымдарын басқару жөніндегі Регламент, «Самұрық-Қазына» АҚ 2014 жылға арналған Корпоративті күнтізбесі, және акция иеленуші ретінде Қордың директорлар кеңесінен, еншілес компаниялардың бақылау кеңестерінен 2014 жылы күтетін Болжалдары ұсынылды.
Жоғарыда көрсетілген құжаттар Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің корпоративті басқаруға қатысты тәжірибесі негізінде әзірленді. Олар Қордың акция иеленуші ретінде компаниялармен қарым-қатынасын жүйелендіруге бағытталады, әрекеттестіктегі барлық үрдістердің өзара байланысын компанияларды басқару айналымы тұрғысынан сипаттайды, және директорлар кеңестерінің уәкілдіктерін және жауапкершілігін күшейтуге, әрі Қордың стратегиялық холдинг үлгісіне өтуіне жағдай жасайды. Бұл бастамалар Қор тобында корпоративті басқаруды жетілдіруде үлкен қадам болып табылады.
Басқарма сонымен бірге бірінші жартыжылдықта «Самұрық-Қазына» АҚ даму Стратегиясын жүзеге асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарының орындалу нәтижелерімен танысты. Аталмыш жоспар Қор тобының шеңберінде жүйелі шараларды, 11 ірі еншілес ұйымның стратегиялық көрсеткіштері мен инвестициялық жобаларын қамтиды. Есепке сәйкес, 6 айдың ішінде 217 іс-шара жүзеге асты. Соның ішінде таза кіріс бойынша жоспардың артығымен орындалуын, EBIDTA margin және активтерді қайта құрылымдау, шығындарды азайту, электронды сатып алу жүйесін енгізу, қызметкерлерді ынталандырудың тиімді жүйесін құру сынды маңызды бастамалардың мерзімінен кешіктірмей атқарылуын ерекше атап өткен жөн.