12:03, 10 Ақпан 2009 | GMT +5
Санақшы кадрлармен бірге Астана қалалық Ішкі істер департаментінің 1200-ден астам қызметкері еріп жүретін болады
АСТАНА. Ақпанның 10-ы. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Астана қалалық Ішкі істер департаменті ақпанның 26-сы мен наурыздың 6-сы аралығында өтетін халық санағы кезінде үйіңізге өзін санақшы деп таныстырып кірген адамнан күдіктенген жағдайда, дереу «02-ге» телефон шалуды сұрайды.

Бұл туралы бүгін брифингте ІІД Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Батырлан Есенбай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның атап көрсеткеніндей, Ұлттық халық санағы жүретін он күн бойы санақшы кадрлардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және аталмыш шараны нәтижелі өткізу мақсатында санақшылармен бірге 1200-ден астам полиция қызметкері еріп жүретін болады. «Үйіңізге өзін санақшы деп таныстырған тұлғада, өзінің фотосуреті жабыстырылған бейдж ретіндегі куәліктің, екі тілде «Ұлттық халық санағы - 2009» логотиптері бар көк түсті шалғы мен сондай түсті сөмкесінің бар-жоғын тексеру қажет. Егер де одан күмәнданған болсаңыз, дереу қалалық телефоннан «02» немесе ұялы телефоннан «112» нөміріне хабарласуларыңызды сұраймыз», - деді ол.Осы күндері сондай-ақ стационарлы полиция бекеттері де жұмыстың күшейтілген тәртібіне көшірілмек. Сондықтан, кез-келген уақытта учаскелік қызметкерлердің де көмегіне жүгінуге болады. Орта мектептердің ішінде орналастырылған 69 стационарлық санақ бөлімшесі де тәртіп сақшылардың жіті қадағалауына алынбақ. Бүгін учаскелік полиция инспекторлары санақ кезінде мүлікті ұрлау қылмыстарының алдын-алу үшін халық арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, өздерінің байланыс телефондары жазылған 28 мыңнан астам парақша таратты.