Сандықтау ауданында ауылдық әкімдердің 41 есепті жиыны өткізілді
КӨКШЕТАУ. 20 қаңтар. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ - Ақмола облысына қарасты Сандықтау ауданында барлық ауылдық округтер әкімдері жергілікті тұрғындар алдында өткен жылы атқарылған жұмыстары жайлы есеп беріп,
келер күндері шешімін күткен мәселелер төңірегінде ой бөлісті.
Ауылдық жиындарға 4 062 тұрғын қатысып, өздерінің көкейтесті мәселелерін ортаға салды. Жалпы саны 41 кездесуде аудандық құрылымдар басшылары, еңбек және соғыс ардагерлері, аудандық мәслихат депутаттары, ауыл шаруашылығы құрылымдарының жетекшілері, шағын және орта бизнес өкілдері, шаруа қожалықтары мен әлеуметтік сала қызметкерлері қатысқан. Оларда 74 сауал көтерілген. Бұл ретте көпті толғандырып отырған мәселелер - әлеуметтік түйткілдер, жолдарды ретке келтіру, білім және мәдениет саласы нысандарына жөндеу жүргізу мен жаңадан салу, елді мекендерді көгалдандыру мен абаттандыру, телефон байланысымен қамту, жер телімдері жайы қозғалған. Ал туындаған сауалдар топтастырылып, аудандық деңгейде қарастыруға жолданды.