Сапасыз автокөлікті қайтарудан бас тартқан сатушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды
АСТАНА. KAZINFORM — Атырау облысында сатушы тұтынушының сапасыз автокөлікті қайтару туралы талабын орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Тұтынушы EXEED VX автокөлігін 2023 жылғы 4 мамырда сатып алу-сату шарты бойынша алып, 10 мамырда, оның ішінде Trade-in бағдарламасы аясында толық төлем жасаған. Алайда автосалоннан шыққан бойда көлікте елеулі ақау анықталып, қозғалыс кезінде автомобильдің айтарлықтай оңға тартатыны белгілі болған.
2023 жылғы 15 мамырда тұтынушы бұл ақау жөнінде сатушыға жазбаша түрде хабарлаған. Сатушы бірнеше мәрте диагностикалық тексеру жүргізгенімен, ақаудың себебін анықтамаған. Сонымен бірге, техникалық күрделі тауарда маңызды ақау болған жағдайда көзделген заңды шараларды қолданбаған, көлікті айырбастау немесе ақшаны қайтару жөнінде ұсыныс жасамаған.
Сондай-ақ ақаудың тұтынушының пайдалану ережелерін бұзуынан туындағанын дәлелдей алмаған.
Нәтижесінде тұтынушы сатып алу-сату шартын бұзуды және төленген қаражатты қайтаруды талап еткен. Алайда сатушы бұл талаптарды орындамаған. Бұл «Тұтынушылар құқықтарын қорғау туралы» заңның 30-бабының 2-1-тармағы мен 42-4-бабы талаптарының бұзылуына әкеп соққан.
- Арыз негізінде 2024 жылғы 30 желтоқсанда Атырау облысының Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті жоспардан тыс тексеру жүргізіп, заңнама талаптарының бұзылғанын растады. Тексеру барысында сатушы тұтынушы талабын тиісті түрде қарамағаны және ақаудың туындауында өз кінәсінің жоқтығын дәлелдей алмағаны анықталған.
Тексеру қорытындысы бойынша сатушы Әкімшілік құқық бұзушылықтар кодексінің 190-бабы 5-тармағының 3-тармақшасына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылып, ескерту түріндегі жаза қолданылды. Сонымен қатар заңбұзушылықтарды жою жөнінде міндетті нұсқама берілді, - деп жазды департаменттен.
Сатушы талаптарды өз еркімен орындамағандықтан, тұтынушы сотқа жүгінген. 2025 жылғы мамырда сот талаптардың бір бөлігін қанағаттандырып, сатушыны автокөліктің құны ретінде 21 940 000 теңгені қайтаруға, моральдық зиян үшін 100 000 теңге төлеуге және 870 838 теңге айыппұл өндіруге міндеттеді.
Атырау облысының Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті сот процесіне үшінші тұлға ретінде қатысып, сатушының заң талаптарын бұзғанын дәлелдеді.
Айта кетейік, Орал тұрғыны автосалоннан 17,8 млн теңгеге сатып алған автокөлік жарамсыз болып шықты.