«Саран» шахтасындағы апаттан зардап шеккен бір кеншінің жағдайы ауыр

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағандыда Мақажанов атындағы клиникада «АрселорМиттал Теміртау» АҚ көмір департаментінің «Саран» шахтасындағы апаттан зардап шеккен бес кенші жатыр, олардың біреуі ауыр халде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Саран»  шахтасындағы апаттан зардап шеккен бір кеншінің жағдайы ауыр

«Бас жарақатын алған «Саран» шахтасы жұмысшысының жағдайы бірқалыпты бірақ ауыр. Оған ота жасалды. Қазір жансақтау бөлімінде, жасанды өкпе желдеткіш аппаратымен жатыр», - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айжан Иса.

Оның айтуынша, зардап шеккен тағы төрт жұмысшы бөлім палаталарында жатыр. Жағдайлары бірқалыпты. Ең ауыр жарақат алған жұмысшының жасы 52-де. Ол жерасты шахтасында электрослесарь болып жұмыс істеген. Қалған пациенттердің үшеуі кенші және біреуі электрослесарь болған. «Саран» шахтасында қаза тапқандардың аты-жөні белгілі болды: М.Ж. Жанысбаев, 1983 ж.т.; Э.В. Леснеков, 1960 ж.т.; М.А. Нұрмағамбетов, 1959 ж.т. Олардың екеуі жерасты кеншілері, ал біреуі - тазартпа кенжар жұмысшысы. «ҚазАқпарат» ХАА марқұм болғандардың жақындары мен туыстарына қайғыра көңіл айтады.

Бұған дейін хабарланғандай, 10 қараша күні Қарағанды облысындағы «АрселорМиттал Теміртау» АҚ көмір департаментінің «Саран» шахтасында апат болып, бес адам зардап шекті және үш адам мерт болды. Қайғылы оқиға жұмыс ауысымы аяқталған кеншілерді жер бетіне шығару кезінде болған. Алдын ала болжам бойынша, шахта ішіндегі кеншілер мініп-түсетін көліктік арбаның арқаны үзіліп кеткен.

Қайғылы оқиғаны тергеу үшін ҚР ИДМ Индустриалды даму және өндірістік қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Нұрбек Құнанбаев төрағалық ететін арнайы комиссия құрылды. Қарағанды облысы прокуратурасының хабарлауынша, адам өлімі орын алған Саран» шахтасындағы апат жөнінде ҚР ҚК 156-бабы 4-бөлімі («Екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан еңбек қауіпсіздігі ережелерін бұзу») бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.