Сарапшы АҚШ-тың ОА елдеріне бет бұруына қатысты: ұлттық мүддесіне толық сәйкес келеді
АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Президенті жанындағы стратегиялық зерттеулер институтының сарапшысы, саяси ғылымдарының кандидаты Айнұр Тұқымова Kazinform агенттігінің YouTube арнасында шығатын «BIZDIÑ ORTA» подкастында АҚШ-тың Орталық Азия елдеріне қызығушылығының артуының негізгі себептерін атап берді.
- Трамптың өзі айтты ғой, АҚШ үкіметі Орталық Азияға негізсіз көңіл бөлмей келді, осы аймаққа жеткілікті деңгейде көңіл бөлмегені АҚШ үшін үлкен қателік болды деп. Жақында Ауғанстандағы Баграм әуе базасын қайтару керек дегенді айтты, яғни осы аймаққа қарай кәдімгідей көңілінің ауғанын байқауға болады, - деген ойын келтірді Айнұр Тұқымова подкаст барысында.
Сарапшының айтуынша, бұл жерде қысқамерзімді емес, ұзақмерзімді мақсаттар бар.
- Өйткені, Орталық Азия бойынша арнайы өкіл тағайындалды, делегацияның оның ішінде инвестиция бойынша делегацияның жиілегенін көруімізге болады. Бұл – сигнал, яғни АҚШ-тың осы аймаққа деген қызығушылығы артып келеді, аймақтағы саясатқа араласады деген сөз. Бұл аймақ Иранға да байланысты, өте маңызды өңір, сондықтан қай жағынан алсақ та АҚШ-тың барынша Орталық Азиямен қатысуы, мәселеге араласуы ұлттық мүддесіне толығымен сәйкес келеді. Болашақта бізге де тәуекелдерді сейілту үшін, тек бір әріптеске сенбей, барынша әртараптандыру, әріптестікті ілгерілету маңызды, - дейді ол.
Одан бөлек, спикер Қазақстан АҚШ-пен Орталық Азия елдерінде бірінші болып, 2008 жылы стратегиялық әріптес ретінде құжатқа қол қойғанын еске салды.
- Келесі мәселе, АҚШ президентінің Орталық Азияның қай еліне бірінші болып келетіні. Ол да көп талқыланып жатқан мәселе, көреміз, әңгіме қай елге бірінші келетінінде емес, Орталық Азияға келгенде қаншалықты нақты келісімдерге келетінінде, - деп толықтырды саяси ғылымдарының кандидаты.
Осыған дейін саясаттанушы Денис Жиляевтің Армения премьер-министрі Никол Пашинянның Қазақстанға сапарына қатысты пікірін берген едік.