Сарапшы: Бірнеше пәтері бар адамдар үшін жаңа баспана алу қиындайды
АСТАНА. KAZINFORM — Қаржыгер, баспана сарапшысы Батырхан Елемес қазіргі ипотекалық жағдай мен тұрғын үй нарығындағы өзгерістерге қатысты пікір білдірді.

Сарапшының айтуынша, елдегі экономикалық және қаржылық шешімдер баспана бағасына тікелей әсер етіп отыр.
— Құрылыс компанияларына және тұрғын үй бағдарламаларына бөлінетін қаржы көлемі екі есеге артты. Бұл өз кезегінде нарықтағы қозғалысты жандандырады. Менің ойымша, Астана, Алматы және Шымкент сияқты ірі қалаларда баға түспейді, тек тұрақталады. Ал өңірлерде 10–15 пайыз шамасында төмендеу болуы мүмкін, — дейді Батырхан Елемес Jibek Joly телеарнасындағы «Бүгін LIVE» бағдарламасына берген сұхбатында.
Қаржыгердің сөзінше, соңғы айларда Ұлттық банктің пайыздық мөлшерлемені 18%-ға дейін көтеруі және ипотекалық несиеге қойылған 20%-дық шектеу банктердің нарықтағы белсенділігін төмендетті.
— Бұған дейін мөлшерлеме 25% болған еді, кейін 20%-ға түсірілді. Бірақ басқа банктер үшін бұл тиімсіз жағдай. Себебі олар Ұлттық банктен 18%-бен қаржы алып, 20%-бен ипотека беру арқылы табыс көре алмайды. Сондықтан қазір банктер ипотека ұсынуға аса құлықты емес. Осыдан кейін әлеуметтік желілерде тұрғындардың наразылығы күшейіп, «енді баспана ала алмаймыз» деген пікірлер көбейді, — дейді сарапшы.
Дегенмен, Президент пен Премьер-Министрдің кездесуі мен тапсырмаларынан кейін жағдай біртіндеп тұрақтала бастады. Үкіметтің жаңа экономикалық реформалары аясында «7-20-25» бағдарламасы «7-30-35» форматына ауысып, ипотека мерзімі 20 жылдан 30 жылға дейін ұзартылмақ.
Сарапшының пікірінше, жаңа реформалар баспанасыз жүрген әлеуметтік топтар үшін пайдалы болмақ.
— Президенттің тапсырмасынан кейін пәтер алу мүмкіндігі, әсіресе әлеуметтік санаттағы азаматтар үшін сақталып қалды. Қаржыландыру көлемі де ұлғаяды. Бірақ бірнеше пәтері бар адамдар үшін жаңа баспана алу қиындайды, өйткені нарықтық ипотекаға қолжетімділік шектеледі. Қазір ең бастысы — жаңа бағдарламалардың іске қосылуын күту. Менің ойымша, бұл шешім дұрыс бағыттағы қадам, — дейді қаржыгер.
Айта кетейік, бұдан бұрын Президент Бектеновке Үкіметтің экономикалық бағдарламасын іске асыруға қатысты тапсырма берді.
Артынша Үкімет макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету және экономикалық реформалардың теріс салдарын барынша азайту бағытында шаралар қабылдады. Соған сәйкес, халық үшін ипотекалық несие көлемі екі есе ұлғаяды, бұл тұрғын үйге қолжетімділікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.