Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Сарапшы: партиялар аралық дебаттар қазіргі сайлау науқанының басты элементіне айналуы мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM – Қазіргі сайлау науқаны алдыңғылардан партиялар арасындағы жария бәсекенің қарқындылығымен ерекшеленеді. Сайлаушылармен кездесу, өңірлерге сапарлар, БАҚ-тағы белсенділік сияқты дәстүрлі үгіт-насихат жұмыстарымен қатар, саяси партиялар бір-бірімен ашық пікірталасқа жиірек түсуде.

Азамат Байғалиев
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Бұл туралы «САЙЛАУ-2026: медиа және цифрлық платформалар» сарапшылар алаңында Қазақстандық қоғамдық даму институты басқарма төрағасының орынбасары Азамат Байғалиев мәлімдеді.

Сарапшының айтуынша, бүгінде партияаралық пікірталастың орталығында бизнес мүдделерін білдіру, лоббизм, салық саясаты және заң шығару бастамаларының сапасы мәселелері тұр. Бұл науқанның негізінен имидждік сипаттан мазмұнды саяси талқылауға біртіндеп ауысып бара жатқанын көрсетеді.

Азамат Байғалиев сайлау науқаны қатысушылары арасында белгілі бір саралану байқала бастағанын атап өтті. Кейбір партиялар танымалдығы мен парламенттік тәжірибесі арқасында өз позицияларын нығайтуға тырысса, басқалары бастапқы мүмкіндіктерінің шектеулілігін жария белсенділікті арттыру және неғұрлым қатаң саяси риторика арқылы толтыруда.

-Егер бұл үрдіс жалғаса берсе, дәл партияаралық дебаттар сериясы қазіргі науқанның басты элементтерінің біріне айналуы мүмкін. Мұндай пікірталастар қатысушылардың сын тұрғысынан пікір айту қабілетін ғана емес, қоғамдық күн тәртібіндегі ең өзекті мәселелер бойынша нақты, іске асырылатын шешімдер ұсына білу қабілетін де бағалауға мүмкіндік береді, – деп атап өтті Азамат Байғалиев.

Сарапшының пікірінше, мазмұнды саяси бәсекенің күшеюі қоғамдық диалог сапасын арттырып, сайлаушыларға саяси партиялардың бағдарламалары мен ұсыныстарын талдау негізінде саналы таңдау жасауға көбірек мүмкіндік береді.

Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты ұйымдастырған сарапшылар алаңы саяси коммуникацияның цифрлық дәуірдегі трансформациясы, сайлау алды үгіт-насихатта жасанды интеллектті қолдану, дезақпаратқа қарсы іс-қимыл, сондай-ақ электоралдық мінез-құлықтың заманауи үрдістері мен қоғамның саяси партиялардан күтетін үміттері мәселелеріне арналды. 

Осыған дейін дауыс берушілердің төрттен үші Құрылтай депутаттарының сайлауына қатысуға дайын екені туралы жаздық.