Сарапшылар сайлау кезінде әлеуметтік сұраныстарды ескерудің маңызын атап өтті
АСТАНА. KAZINFORM - Астанада ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қазақстандық қоғамдық даму институты ұйымдастырған «Адам және оның өмір сүру сапасы: сайлау күн тәртібіндегі басымдықтар» тақырыбында «Sarap» сарапшылар клубының отырысы өтті.
Министрліктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, сарапшылар азаматтардың өмір сүру сапасы және бұл мәселенің қоғамдық-саяси күн тәртібінде көрініс табуы жөнінде пікір алмасты.
Халықтың әл-ауқатына тікелей әсер ететін денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау және адами капиталды дамыту мәселелеріне баса мән берілді.
Сонымен қатар қазіргі басымдықтардың жаңа Конституцияда бекітілген әлеуметтік құндылықтармен, азаматтардың алдағы сайлаудан күтетін нәтижелерімен сәйкестігі талқыланды.
Сайлау кезеңінде жүргізілетін әлеуметтік зерттеулердің маңызына да ерекше назар аударылды.
Кездесу соңында сарапшылар азаматтардың әлеуметтік сұраныстарын жүйелі түрде ескеру, кері байланыс тетіктерін жетілдіру және қоғамдық-саяси күн тәртібін қалыптастыруда сенімді әлеуметтік деректерді пайдалану маңызды екенін атап өтті.
Осыған дейін қазақстандықтардың 73,8%-ы Құрылтай сайлауында дауыс беруге ниетті екені туралы жаздық.