Сарапшы: Елбасының АҚШ-қа сапары - Орталық Азияның мүддесін жариялауға мүмкіндік

Осы орайда ол Қазақстанның төрағалығы бірінші кезекте жаһандық кеңістікте бейбітшілік пен тұрақтылықты қолдау ұстанымына негізделгенін атап өтті.
«Екінші жағынан, бұл Қазақстан үшін Орталық Азия күн тәртібін алға жылжытуға мүмкіндік болып отыр. Яғни бізге маңызды мәселелерді жариялауға жақсы мүмкіндік. Бұл жұмыстар Ауғанстан мәселелері тұрғысында кезекті келіссөздер арқылы атқарылуда. Сонымен қатар Орталық Азия аумағын лаңкестіктен қорғау шаралары да назарда тұр», - деп тоқталды А. Решетняк.
Мұнымен қоса, Нұрсұлтан Назарбаевтың 18 қаңтардағы сөз сөйлеуіне тоқталған сарапшы, бұл тұрғыда ядролық қаруды таратпауға ерекше екпін қойылатынын жеткізді. Осы орайда ол Қазақстан бүгінде өзін ядролық қаруды таратпау бағытында көшбасшылардың бірі ретінде танытқанын, сондай-ақ Семей полигоны жабылғалы бұл бағытта елеулі қадамдар іске асырылғанын еске салып өтті.
«Сондықтан да біздің дауысымыз өте маңызды. Президенттің сөзі тағы бір мәрте Қазақстанның ұстанымын жариялап, бұл өз кезегінде ядролық клуб мүшелері арасындағы өзара сенімді құруға және проблеманы түсінуге септігін тигізеді. Екінші жағынан алып қарағанда, ядролық қарудың айналасындағы қауіп-қатерге тиісті баға береді. Осы орайда КХДР-дің ядролық бағдарламасына қатысты алаңдаушылық бар екені мәлім. Мұнымен қоса, тағы бір қауіпті мәселе ядролық қарудың лаңкестердің қолына түсуі қаупіне байланысты», - деді Анастасия Решетняк.
Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысының АҚШ-қа ресми сапары 16 қаңтарда басталады. Сапар аясында АҚШ Президенті Дональд Трамппен, сонымен қатар ресми әрі іскер топтардың өкілдерімен кездесу жоспарланған. Н. Назарбаев БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі отырысына қатысады деп күтілуде.