Сарапшы Қазақстанға жылқы етінің импортталуына қатысты пікір білдірді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Танымал қазақстандық сарапшы Төлеутай Рақымбеков Қазақстанның шет мемлекеттерден жылқы етін импорттауына қатысты өз пікірін білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сарапшы Қазақстанға жылқы етінің импортталуына қатысты пікір білдірді

Төлеутай Рақымбеков ҚазАқпарат агенттігінің Қазақстанға Аргентина, Болгария, Исландия, Мексика, Моңғолия және Уругвайдан жылқы еті импортталатыны туралы ақпаратын оқыған және соған қатысты халықтың жазған сыни пікірлеріне таңғалған.

«Неге ұят, масқара болуы керек? Кәсіпкерлер 1,7 мың тонна ет әкелген екен, бұл шамамен 7 мың бас мал. Онда тұрған не бар? Біздің елімізде 2 миллионнан астам жылқы малы бар. 1991 жылдан бері жылқы малын көбейтумен айналысып келеміз», - деп жазды Төлеутай Рақымбеков Facebook-тегі өз парақшасына.

«Жылқы етін импорттау - кәсіпкерлердің маркетингтік тәсілі. Бізге ет экспорттаған елдерде адамдар жылқы етін мүлдем жемейді, сондықтан да оларда жылқы еті біздікінен 3-4 есе арзан. Неге ақша таппасқа? Екіншіден, сырттан жылқы етін тек өңдеуге ғана әкеледі», - дейді сарапшы.

Рақымбековтың пікірінше, жылқы етін асып жеуді ұнататын қазақтар және жалпы қазақстандықтар  импорттық жылқы етін жемейді.

«Біздегі жылқы еті мен импорттық еттің, тіпті бізге жақын моңғолиялық еттің дәмі жер мен көктей. Бір тәжірибелі маман Моңғолиядан ет импорттаймын деп шығынға ұшырай жаздаған. Қазақстандықтар моңғолиялық жылқы етін сатып алмайды. Ал өзіміздегі жылқы еті деликатеске айналды, бір жылқының өзі 350-380 мың теңгеге сатылады», - деп түсіндірді Төлеутай Рақымбеков.

Өсімдік майын импорттауда да дәл осындай жағдай орын алып отыр.

«Біріншіден, пальма майы біздегі күнбағыс майынан екі есеге арзан. Екіншіден, бізде экзотикалық май түрлеріне, мәселен зәйтүн майына қызығатындар бар. Бізде зәйтүн өспейді, банан да, апельсин де өспейді! Не істеу керек? Импорттаймыз. Әйтсе де, күнбағыс майын өндіру бойынша өзімізді-өзіміз қамтамасыз етіп отырмыз. Тіпті Еуропаға жарты миллион тонна май экспорттадық», - деп атап өтті ол.

«Сондықтан, бәзбіреулер ойлағандай ауыл шаруашылығындағы жағдайымыз нашар емес. Әрине, мәселелер жетіп артылады. Бірақ, Жеглов айтқандай: «Мәселенің болуы қорқынышты емес, сол мәселе шешілмей жатса, содан қорқу керек». Шамамен осылай», - деп түйіндеді Төлеутай Рақымбеков.