Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Сарапшылар Корея мен ЕАЭО арасында еркін сауда аймағын құру қаншалықты пайда әкелетіндігін айтып берді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Президенті Н.Назарбаев Корея Республикасының Президенті Пак Кын Хемен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізу барысында Корея мен ЕАЭО арасында еркін сауда аймағын құру туралы идея айтылды.

Сарапшылар Корея мен ЕАЭО арасында еркін сауда аймағын құру қаншалықты пайда әкелетіндігін айтып берді

Мұндай аймақ құрылған жағдайда ЕАЭО елдері қандай пайда көреді? «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі осы сауалға қатысты отандық сарапшылардың пікірін білген болатын.

«Қазкоммерц Секьюритиз» АҚ активтерді басқару департаментінің директоры Айвар Байкенов, еркін сауда аймағы өзара тиімді қарым-қатынасты күшейтеді деп есептейді.

«Мемлекеттер арасындағы өзара сауда айналым көлемі төмен болғанына қарамастан, Қазақстан мен Оңтүстік Кореяның экономикалық байланыстары өте мықты. Кәріс инвесторлары еліміздің нарығында бұрыннан бері бар. Олардың Қазақстанда банк, көлік, энергетика, шикізат және өзге де салаларда қаражаттары бар. Өзара сауда әлеуеті де біршама үлкен. Қазақстан металл мен ауыл шаруашылық өнімдерінің ірі жеткізушісі ретінде қарастырылуы тиіс, Оңтүстік Корея болса, электроника, көлік құралдары және бөлшек заттардың импорттаушысы ретінде қарастырылады. Еркін сауда аймағы өзара әріптестікті тек күшейтеді. Дегенмен мұнда ЕАЭО мен Оңтүстік Корея арасындағы еркін сауда аймағы туралы сөз болып отыр, сондықтан отандық тауарөндірушілер ресейлік әріптестерімен бірге корей нарығы үшін бәсекелесуі тиіс», - дейді сарапшы.

«Екінші жақсы теориясы» деп аталатын үлкен теория бар. Егер қысқаша түсіндіретін болсақ, егер нарық жетілмеген немесе ақаулармен болса, еркін сауда аймағы, керісінше, зиян келтіруі мүмкін. Біздің нарық секілді нарық ақауға толы болса, біз қазір бәсекелестікке дайын емеспіз, ондай кезде мемлекет отандық тауарлар импортпен бәсекелесе алуы үшін оларға жағдайлар жасауы керек. Егер келісімде бұл жағдай ескерілсе, аймақтың құрылуы тек пайда әкеледі, егер ескерілмесе, онда зияны тиеді», - деп санайды экономист Жарас Ахметов.

Сарапшы Петр Своик, керісінше, біздің мемлекет үшін бір анық пайданы көріп отыр.

«Егер баж салығы жеңілдетілетін болса, кәріс техникасы мен көлігі халық үшін арзан бағаға келетін болады», - дейді ол.

Бұның алдында хабарлағанымыздай, Қазақстан Президенті Н.Назарбаев Корея Республикасына мемлекеттік сапары жалғасуда. Оның шеңберінде Қазақстан Президенті Корея Республикасының Президенті Пак Кын Хемен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді.

Кездесу барысында Энергетикадағы ынтымақтастықты жандандыру жолдары, мұнай мен газ өңдеу, медициналық туризм салаларындағы бірлескен жобаларды іске асыру, сондай-ақ Корея Республикасы мен Еуразиялық экономикалық одақ арасындағы еркін сауда аймағын құру мүмкіншілігі қарастырылды.

Сондай-ақ, тараптар күн тәртібіндегі халықаралық және өңірлік өзекті жайттар, атап айтқанда, ядролық қарусыздану мен таратпау, киберқылмыс қатерінен төніп отырған жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері жөнінде пікір алмасты.