Сарапшылар мемлекет тарапынан кәсіпкерлікті қолдау үшін бөлінетін қаржы траншын үлестіру үлгісін ұсынды
АЛМАТЫ. Қыркүйектің 23-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Бүгін Алматыда мемлекет тарапынан кәсіпкерлікті қолдау үшін бөлінетін қаржы траншын үлестіру үлгісін жақсартуға ұсыныс жасау мақсатында дөңгелек үстел мәжілісі өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Отырысты «Zertteu DC Group» компаниясы «Болашақ» бағдарламасы түлектерінің қауымдастығы, Қазақстанның кәсіпкерлер форумы, Алматы өңірлік қаржы орталығы қызметін реттеу агенттігімен бірлесіп ұйымдастырды.
«Zertteu DC Group» компаниясының директоры Арман Ыдырысовтың айтуынша, отырысқа қатысушылар мемлекет тарапынан бөлінетін 72 миллиард теңгенің бөліну аумағын ұлғайтуды ұсынған. Мәселен, өңдеу саласына көзделген 5 миллиард теңгені емес, бөлінетін қаржының жартысын беруді жақтайды.
Отырыс барысында «Zertteu DC Group» компаниясы тарапынан әзірленген банктердің негізгі 2 мәселесі - қор жинау базасы мен қайтуы нашар борыштар бойынша оларды нақты шешу жолдары ұсынылды. Сонымен қатар мемлекетке қазақстандық өндірістік холдингтердің қоржындарындағы инвестициялық бөлікті күйзелістік активтер қоры арқылы уақытша сатып алуды ұсынды.
Компания өкілдерінің айтуынша, бұл шешімдер экономиканың әдеттегі моделін түбегейлі өзгертеді.