Сарбаздар өмірі, «Тамаша», жаңа сериалдар — Jibek Joly жаңа маусымда не көрсетеді
АСТАНА. KAZINFORM — Президенттік орталықта JIBEK JOLY телеарнасының жаңа маусымы ашылды. Еліміздің ең жас телеарнасы небәрі 2 жасқа толды. Әйтсе де, телеарна көрерменге етене таныс әрі қызық болып үлгерді. Жаңа маусымда үш жаңа телесериал, бірегей реалити-шоулар мен мазмұнды сұхбаттар сериясы көременге жол тартпақ.

ҚР Президентінің кеңесшісі — Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Президенттің кез келген мемлекеттік, ресми сапарларын видео жағынан, техникалық жағынан қамтамасыз етіп, халыққа жеткізетін — Президент телерадиокешені екенін атап өтті.
«Президенттің баспасөз қызметі тікелей Президент телерадиокешенімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді. Соңғы екі жылда телерадиокешен кеңейіп, Jibek Joly, Silk Way, Silk Way Cinema телеарналарымен, Kazinform халықаралық ақпарат агенттігімен толықты. Күз басталысымен көрермен қауым еліміздегі телеарналар жаңа маусымға қандай дайындықпен келді деген үлкен сұрақ қоятыны рас. Ал республикалық телеарналар өздерінің шығармашылық бәсекесінде әртүрлі бағдарламаларын көрермен назарына ұсынады. Жақсы бағдарламалар өміршең болады, көрерменнің көзайымына айналады. Бүгін Jibek Joly телеарнасының көптеген қызықты жобалары, реалити-шоулары, телесериалдары, 45 жыл бұрын тамашаны жаңғыртқаны, тарихи-деректі фильмдерге назар аударуы бәрімізді қуантып отыр. 300-ге жуық қызметкердің басын қосқан шығармашылық топтан жаңа маусымда күтеріміз көп», — деді Берік Уәли жаңа маусым таныстырылымында.
Жаңа маусымның жаңа жобалары қатарында танымал актер Берік Айтжанов жүргізетін «100 сарбаз» жобасы бар.
Реалити-жобада әскери міндетті әр құрылымнан құрылған 10 команда, яғни 100 сарбаз қатысып, ерік, жігер және қайратты паш ететін түрлі сынақтан өтеді.

Ал сыннан сүрінбей өткен сарбаздар — еліміздің ең рухты жігіттері атанбақ.

«Бірақ бүгінгінің ері найзамен сыналмайды. Күш, қайрат, жігер білекте ғана емес, жүректе болғаны абзал. Күшіңді әлсізге жұмсау ақымақтық, елің үшін жұмылдыру — абырой. Біз екіншісін таңдаймыз», — деді бағдарлама жүргізушісі Берік Айтжанов.
16 қыркүйектен бастап, арна эфирінде «111 Juz on bir» телехикаясының премьерасы болады. Бұл детективтік драма жанрындағы 40 сериялы фильм. Сюжет әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшесі қызметкерлерінің күнделікті өмірін көрсетеді.
«111 — отбасы, әйелдер және балаларға көмек көрсету қызметінің байланыс нөмірі. 2021 жылы Президент полиция бөлімдерінде әйел тергеушілерден жедел топтар құруды тапсырды. Ал 2023 жылы Қарағандыда алғашқы әйелдер полициясы бөлімшесі ашылды. Бұл детективті драма 4 түрлі әйелдің әйелдер мен балаларға жасалған қылмысқа қарсы күрес бөлімшесіндегі қызметін көрсетеді», — деді басты рөлді сомдаған актриса Айнұр Бермұхамбетова.
Жаңа маусымда «Jibek Joly» телеарнасының көрермендеріне аты аңызға айналған «Тамаша» әзіл-сықақ театрының танымал нөмірлері мен актерлерінің сахна сыртындағы өмірі туралы сериал ұсынылады. Биыл «Тамаша» телебағдарламасының эфирге шыққанына 45 жыл. Он сериялы телехикая шығармашылық ұжымның құрылу тарихы мен қалыптасу жолын көрсетеді.
Ал театр сахнасында өнер көрсеткен Құдайберген Сұлтанбаев, Тұңғышбай Жаманқұлов, Лидия Кәденова, Мейірман Нұрекеев, Тоқсын Құлыбеков, Уайс Сұлтанғазиндер образдарын сериалдан қайта көруге болады.
Арнаның үшінші төл телехикаясы — «Дархан батыр» біраз жалқау жігітті диваннан тұрғызып, еңбекке жетелеуі мүмкін. Сондай-ақ, «Қазақфильмнің» алтын қоры мен отандық режиссерлердің көркем және деректі фильмдері, отандық телеарналар түсірген телехикаялар шетел көрерменіне арналған «Silk Way Сinema» теларнасында жалғасын табады.
Жаңа маусымда «Уәде» бағдарламасында жүргізуші Ерболат Мұхамеджан үкімет мүшелері мен әкімдердің Мемлекет басшысына берген уәделерін тағы сұрайды.
Ал «Таза қала» тележобасында түсірілім тобы Қазақстанның ірі және шағын қалаларына барып, тазалығы мен көркі туралы әңгімелейді. Журналистер жергілікті тұрғындармен кездеседі, коммуналдық қызметтердің жұмысын көреді, аймақтың экологиялық өміріне белсенді қатысатын барлық еріктілермен танысады.

Ал арнаның ең танымал жүргізушісі Нұрлан Қоянбаевтың жобасы «Жаңа Түнгі студия. 16 қыз» деген атаумен күзгі маусымын бастады. Бағдарлама 50 минут бойы қазақстандықтарды кино, музыка, медиа және саясат әлемінің қызықты қонақтарымен таныстырады.
«Жақсы адамдарым» бенефис-шоуында жыл сайын еңбегімен елге танылған жандар жиналып, «Жақсы адам» марапаты жүргізіледі. Ал биылғы «Жақсы адам -2024» жүлдесінде өз қаласын, өз өңірін, өз ауласын тазалықта ұстап, туған жерінің гүлденуіне үлес қосып жатқан қарапайым ел тұрғындары марапатталады.

«Жаңа уақыт» және «Новое время» жаңалықтары күн сайын елдегі жаңалықтарға сараптама мен шолу жасайды. «Мәжіліс Лайв» жобасында халық үшін ең маңызды мәселелер талқыланатын Парламент жұмысын тамашалауға болады.
Телеарнада екі жыл бойы ел тарихында орны бөлек, еңбегі орасан тұлғаларға арналған деректі көркем фильмдер топтамасы шығып келеді.
Майя Бекбаеваның авторлығымен шығатын «Наша история» жобасы биыл Әбілхан Қастеев, Санжар Асфендияров, Әлкей Марғұлан, Александр Затаевичтердің өміріне арналады. Ал бұл топтағы шоқтығы биік жоба — қазір түсірілім жұмыстары басталып жатқан «Жошы хан» деректі фильмі.
Ал Silk Way арнасында «Reporter with President», «New time», «Faces of Science», «Travel and comfort», «Taste Kazakhstan» және «Орел и решка. Казахи» жобалары жалғасады.

«Біздің қағидамыз — әділдік, тірегіміз — жауапкершілік, мақсатымыз — өрлеу. Бұл Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлттық құрылтайда айтқан сөзі, бұл сөздер біздің телеарнаның негізгі құндылығы. Бүгін сіздерге ұсынатын барлық өнімнің астарында осы ойлар жатыр. Осы маусым біз үшін ерекше. Өйткені ашылғанымызға небәрі 2 жыл болса да, біз ірі жобаларға, үлкен форматтарға дайын екенімізді айтқымыз келеді. Көрерменімізді күн сайын төл контентпен, отандық контентпен қызықтыру керек, әйтпесе олар өзгенің жетегінде кетеді. Сондықтан мемлекеттік сана үшін, сауатты, азаматтық қоғам үшін және отандық нарықта ойып тұрып орын алады деген ойымызбен бүгін біраз жобаларымызды ұсынғымыз келеді. Біз әлі қорытынды жасамаймыз, ұсынатын дүниеміз өте көп, ал олардың бағасы және қоғамға жетуі сіздерден», — деді Jibek Joly телеарнасының директоры Еркежан Күнтуған.

Айта кетейік, «Jibek Joly» телеарнасы Қазақстан Республикасы Президентінің телерадиокешені медиакомпаниясының құрамында. 2022 жылдың 1 қыркүйегінде эфирге шыққан телеарна аз уақыттың ішінде көш бастаған отандық арналардың қатарынан табылды.