Сарыағаш шипажайынан Келес өзеніне аққан кәріз суының мәселесі қашан шешіледі
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Сарыағаш ауданының аумағынан өтетін Келес өзеніне шипажайлардан аққан кәріз суы мәселесін біржола шешу үшін қомақты қаражат керек.
Сарыағаш санаторийінен аққан кәріз суы Келес өзеніне құйылып жатқанын бұған дейін де көтерген болатынбыз.
Әлеуметтік желіде тараған кадрлардан лас судың өзенге қарай жылға болып ағып жатқанын көруге болады.
Сарыағаш аудандық мәслихатының мәліметінше, биыл қыркүйек пен қазан айлары аралығында Көктерек кентінде орналасқан шипажай басшыларының демеушілігімен 3 сорғы, 250 квт-тық бір трансформатор, кәріз құдығы орнатылған.
— Кәріз суы жиналатын көл дамбасының деңгейін көтеру жұмысы жүргізіліп, сарқынды судың деңгейі 1 метрге дейін түсірілді. Кәріз бекетіндегі құбырлар толық жаңартылды. Қазіргі таңда кәріз жүйесі қалыпты жұмыс атқарып жатыр. Жалпы Көктерек ауыл округі Көктерек кентіндегі орталықтандырылған кәріз жүйесін күрделі жөндеуден өткізу жұмысы бойынша жалпы құны 1 млрд 945 млн теңгеге жоба жасалған. Аталған жобаның құрылысы 2018 жылы басталып, 2026 жылғы желтоқсан айында аяқтау жоспарланған, — делінген аудан мәслихаты ұсынған ақпаратта.
Мердігер мекеме — «Сарыағаш Аман» ЖШС, авторлық қадағалаушы «IMPYLS» ЖШС және техникалық қадағалаушы «Stroy Inginiring» ЖШС.
Тапсырыс беруші — Сарыағаш ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі.
Жоба шеңберінде 2018 жылы — 111,7 млн теңге, 2019 жылы — 20 млн теңге, 2020 жылы — 4,5 млн теңге және 2025 жылы — 198 млн теңге ғана қаржы бөлінген.
Демек, келесі 2026 жылы мәресіне жетеді деп жоспарланғанымен қаржы жетіспеушілігінен жобаның аяқталмай қалу қаупі бар. Өйткені кәріз жүйесін жөндеуге әлі де 1,3 млрд теңге қаражат керек.
— Парламент Мәжілісінің депутаты Темір Қырықбаевтың ауданға сапары барысында бұл мәселе көтеріліп, қажет болып тұрған 1 млрд 300 млн теңге қаржыны республикалық бюджет есебінен қарастырып беруге ықпал ету сұралған. Бұл жөнінде депутат Мәжіліс отырысында мәселе көтеріп, Үкіметтен қаржы сұрап, депутаттық сауал жолдады. Қазіргі таңда республикалық бюджеттен қаржы бөлу мәселесі қарастырылып жатыр, — делінген аудандық мәслихаттың жауабында.
Сондай-ақ Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті Келестен аққан суды ішуге болмайтынын мәлімдеген еді.