Сарыағашта 5 жасар қыздың өлімі: Қылмыскерге жеңіл жаза берген судья жұмыстан босатылады

Сарыағашта 5 жасар қызды зорлаған педофилге жеңіл жаза кескен судья жұмыстан босайтын болды. Мұндай шешім Жоғарғы сот кеңесінде өткен сот жюриінің отырысында қабылданды, деп хабарлайды Kazinform

судья Нургазы Шетенов
Фото: trk.sud.kz

Жоғарғы сот кеңесіндегі сот жюриінің отырысында жергілікті судьяларға қатысты тәртіптік істер қаралды.

Отырыс қорытындысы бойынша Ақтөбе облысы аудандық сотының судьясы ескерту түрінде тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Алматы және Түркістан облысы аудандық соттарының екі судьясына қызметінен босату түрінде тәртіптік жаза қолданылды.

Жаза қолдануға азаматтық және қылмыстық істерді қарау кезінде заңды өрескел бұзу, сондай-ақ судьялық этикаға қайшы келетін теріс қылық жасау фактілері негіз болды.

Тәртіптік жауапкершілікке тартылған судьялардың арасында Түркістан облысы Сарыағаш аудандық сотының судьясы Н.Б. Шетенов бар.

Тәртіптік істі қарау қорытындысы бойынша Н.Б. Шетеновті судья қызметінен босату жөнінде шешім қабылданды.

«Тәртіптік жаза қолданылған судьялар өздеріне қатысты шешімге Жоғарғы сот кеңесіне шағымдануға құқылы. Сол себепті сот жюриінің шешімі заңды күшіне енген жоқ. Сонымен қатар, заңнамада көзделген негіз бойынша сот жюриі тәртіптік теріс қылық құрамының болмауына байланысты аудандық соттардың 6 судьясының ісін тоқтатты. Аудандық соттардың бұрынғы екі судьясына қатысты іс жүргізу олардың судья қызметінен босатылуына байланысты тоқтатылды» делінген Жоғарғы сот кеңесінің аппараты таратқан ақпаратта.

Еске салсақ, Түркістан облысының Сарыағаш ауданында аулада ойнап жүрген 5 жасар Еркежан Нұрмаханды көршісі үйіне алдап кіргізіп, кейін зорлап, бірнеше рет пышақтап өлтірген болатын.

Президент Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігіне қайғылы оқиғаның мән-жайын мұқият тексеруді тапсырды. 

Пышақ жарақатынан қайтыс болған қыздың денесі сот-медициналық сараптамадан өткеннен кейін 14 шілде күні жерленді.

Кейінірек қыз зорлады деген күдіктінің мұның алдында кісі өлтіріп, 10 жыл түрмеде отырып келгені мәлім болды. 

Ал биыл көктемде ол тағы бір адамның басынан балтамен ұрғанына қарамастан жергілікті сот оны шартты түрде босатып жіберген.

Осы іс бойынша салғырттық танытқан пробация қызметкерлерін тексеру басталды. 

Түркістан облысының әкімі кісі қолынан қаза тапқан 5 жасар қыздың отбасында болып, туыстарына көңіл айтты.

Түркістан облысы Сарыағаш аудандық сотының төрағасын қызметінен босату туралы мәселе қозғалды.

Жуырда 48 жастағы педофил өмір бойына бас бостандығынан айырылды.  

Жақында аудандық соттың төрағасы қызметін атқарған Нұрғазы Шетенов өзі басқарған соттың судьясы қызметіне тағайындалған болатын.

Соңғы жаңалықтар