Сарыағашта нөсер жауыннан кейін үйлерге су кірді
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Түркістан облысы Сарыағаш ауданында нөсерлі жауын-шашын салдарынан бірнеше елдімекенде тұрғын үйлердің аулалары мен көшелерді су басты.
Әлеуметтік желілерде Сарыағаш ауданындағы су басқан аумақтар түсірілген бейнежазбалар тарады.
Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, Дарбаза және Ердәуіт ауылдарында 8 жеке тұрғын үйдің ауласына және 3 көшеге жаңбыр суы жиналған. Су деңгейі шамамен 40 сантиметрге дейін жеткен.
— Оқиға салдарын жою жұмыстарына Төтенше жағдайлар департаментінің 12 қызметкері, 2 техника және 4 мотопомпа жұмылдырылды. Сондай-ақ жергілікті атқарушы органнан 11 адам мен 4 техника тартылды. Қазіргі уақытта жаңбыр суын сору және қауіпсіз арнаға бұру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тұрғын үйлердің ішіне су кірмеген. Зардап шеккендер жоқ, — делінген хабарламада.
Сарыағаш ауданы әкімдігінің хабарлауынша, нөсерден кейін келген су ағыны Құркелес ауылдық округіне қарасты Ақүй елдімекеніне де жеткен. Жағдайды тұрақтандыру үшін су Жаңа Талап елдімекені аумағындағы Қаратұқым қашыртқысы арқылы Сарыүйсін каналына бұрылып жатыр.
Бұл жұмыстарға 7 мотопомпа, 10 арнайы техника тартылып, төтенше жағдайлар қызметінің мамандары, жергілікті атқарушы орган, аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері және аудандық мәслихат депутаттары атсалысып жатыр.
Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев төтенше жағдай болған аумақтарды аралап, ахуалмен танысты. Қазір нөсерден кейін қалпына келтіру жұмыстары үздіксіз жүргізіліп жатыр. Жағдай жауапты қызметтердің тұрақты бақылауында.
Бұған дейін Кентауда нөсер жауыннан кейін көшелер мен аулаларды су басқаны туралы хабарлаған едік.