Сарыбел туристерді несімен тартады – Бұқтырма жағалауынан фоторепортаж

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысы Самар ауданындағы Сарыбел ауылы - Бұқтырма су қоймасының жағасында орын тепкен демалыс орны. Алтын құмды жағажайымен, жылы суымен және көрікті табиғатымен ерекшелетін бұл жерге келетіндер көп. Алайда мұнда демалушылар үшін барлық жағдай жасалған деуге әлі ерте. Kazinform тілшісі Сарыбелге барып, бүгінгі жағдайды өз көзімен көріп қайтты.

1
Фото: Ботакөз Кенжеханқызы/Kazinform

Сарыбел мен Өскемен қаласының арасы 200 шақырымдай жол. Ирелеңдеген жолмен құйғытып жүре алмайсың. 

2
Фото: Ботакөз Кенжеханқызы/Kazinform
3
Фото: Ботакөз Кенжеханқызы/Kazinform

Бұрылыс-қалтарысы, өрі мен еңісі көп болғандықтан көлікті барынша сақ жүргізу керек. 

4
Фото: Ботакөз Кенжеханқызы/Kazinform

Ал жаздың туристік маусымы қызып тұрған шағында көліктің көптігі де жылдам жетуіңізге кедергі. Сондықтан орташа есеппен Өскеменнен Сарыбелге 2,5-3 сағаттай жол жүресіз. 

5
Фото: Ботакөз Кенжеханқызы/Kazinform
6
Фото: Ботакөз Кенжеханқызы/Kazinform

Жолай тоқтап, табиғаттың әсем көріністеріне көз салсаңыз болады. 

7
Фото: Ботакөз Кенжеханқызы/Kazinform

Күнбағыс алқабы да ерекше әдемі. 

8
Фото: Ботакөз Кенжеханқызы/Kazinform

Сарыбелге жетпестен бұрын Миролюбовка ауылына келесіз. Бұл да Бұқтырма су қоймасының жағасына жақын орналасқан елді мекен. 

9
Фото: Ботакөз Кенжеханқызы/Kazinform

Онда демалушыларға қажетті түрлі заттар сатылатын дүкендерді байқадық. 

10
Фото: Ботакөз Кенжеханқызы/Kazinform

Жалпы Самар ауданында 70-тен астам демалыс базасы жұмыс істейді. 600-ге жуық үй және шамамен 3 000 туриске арналған орын бар екен. 

Аудан әкімдігі биыл Сарыбел ауылында интернет сапасын жақсарту мақсатында антенна-діңгекті құрылыстар орнатылғанын мәлім еткен болатын. Алайда демалыс базаларында Wi-Fi-ға қосылмасаңыз, ұялы телефонның интернеті дұрыс ұстамады. 

11
Фото: Ботакөз Кенжеханқызы/Kazinform

Міне жағалауға да келдік. Шомылып жүргендер, жағада күн сәулесіне қыздырынып жатқандар аз емес. 

12
Фото: Ботакөз Кенжеханқызы/Kazinform

Суы жып-жылы, жағасы құм. Бұқтырма су қоймасының ар жағында аспанмен астасқан таулар көздің жауын алады. 

13
Фото: Ботакөз Кенжеханқызы/Kazinform
14
Фото: Ботакөз Кенжеханқызы/Kazinform

Жағалауға жақын маңда көлік қоятын орын бар. Соның дәл қасында екі әжетхана тұр. Ауылдағы кәдуілгі ағаш әжетханалар. Бірақ мүлде жоқ болғаннан жақсы. 

15
Фото: Ботакөз Кенжеханқызы/Kazinform

Қоқыс төгетін екі контейнерді байқадық. Бәлкім содан да шығар, жағалауда шашылып жатқан қоқыс жоқ. 

16
Фото: Ботакөз Кенжеханқызы/Kazinform
17
Фото: Ботакөз Кенжеханқызы/Kazinform

Жағалаудан қандай да бір тыйым салынған немесе ескерту жасалған белгілерді көзіміз шалмады. Есесіне су ішуге келген жылқыларды көрдік. Жағада өздерімен-өздері жайбарақат жайылып жүр. Әлде иесі суға шомылып жүр ме екен?! 

18
Фото: Ботакөз Кенжеханқызы/Kazinform

Дәл жағалауда дүкен жоқ. Алакөл немесе басқа да демалыс орындарындағы сияқты қыздырынып жатқан жеріңізге келіп, ас-суын ұсынатындар да жоқ мұнда. 

19
Фото: Ботакөз Кенжеханқызы/Kazinform

Сол үшін ішіп-жейтінді өзіңізбен бірге ала келген жөн. Немесе ең жақын деген дүкенге барып, керегіңізді алып келе аласыз. 

20
Фото: Ботакөз Кенжеханқызы/Kazinform

Суда ара-тұра катерлер жүйткіп өтеді. 

21
Фото: Ботакөз Кенжеханқызы/Kazinform

Құмды жағалауда ұлу қабыршақтары жатыр.

22
Фото: Ботакөз Кенжеханқызы/Kazinform

Бұл жерге халықтың көптеп келетін бір себебі – Бұқтырманың суы бірден тереңдемейді, 100-150 метрге дейін таяз болып тұрады. Судың асты құм. Сол үшін бұл бала-шағамен келіп демалуға таптырмас орын. 

23
Фото: Ботакөз Кенжеханқызы/Kazinform

Қорыта айтқанда, Сарыбелді дамыта түсу үшін туристерге қолайлы жағдай жасауға баса ден қою керек. Демалыс үйлерін көптеп салып, ұялы байланыс пен интернет жылдамдығы күшейсе құба-құп. Сол кезде мұнда келетіндер саны әлдеқайда көбейетіні сөзсіз. 

Еске салсақ, осыған дейін Шығыс Қазақстанда шомылу маусымы басталғалы үш адам суға батқаны хабарланған