Сәрсенбі күні Қазақстанның 7 қаласында ауа сапасы нашарлайды
АСТАНА. ҚазАқпарат - 4 сәуір күні Қазақстанның 7 қаласында ауа сапасы нашарлайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Қазгидромет» РМК-ға сілтеме жасап.
Синоптиктердің болжамына сәйкес, Ақтау, Ақтөбе, Қостанай, Қызылорда, Талдықорған, Павлодар, Петропавл, Орал, Өскемен қалаларында метеожағдайлар жақсарып, зиянды заттардың сейілуіне ықпал ететін болады.
Ал Астана, Алматы, Атырау, Қарағанды, Шымкент, Тараз және Көкшетау қалаларында метеорологиялық жағдайлар атмосферада ластаушы заттардың шоғырлануына алып келеді.
Айта кетейік, 2018 жылдың 1 қаңтарынан Қазгидрометтің www.kazhydromet.kz сайтында қолайсыз метеорологиялық жағдайлардың (ҚМЖ) болжамы жарияланады.
ҚМЖ - атмосфералық ауаның беткі қабатында зиянды (ластаушы) заттардың жиналуына ықпал ететін қысқамерзімді метеорологиялық факторлардың (тымық, жеңіл жел, тұман, инверсия) үйлесімі. ҚМЖ жағдайында елді мекендердегі атмосфералық ауаның сапасы нашарлауы мүмкін.
Ластану деңгейінің қалыптасуын анықтайтын маңызды факторлардың бірі - синоптикалық ахуалдың (жел, жауын-шашын, ылғалдылық, ауа температурасы) болжамы.